Мемлекеттік қызметте жүріп қаза тапқан адамдардың отбасыларына бір жылда үй беріледі
Оны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй беру бойынша қосымша шаралар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Заң жобасында азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында мынадай қосымша шаралар қарастырылған. Жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасылардың, мүгедектігі бар балаларды асырып отырған отбасылардың балаларының кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезектілігін сақтау көзделген», - деді Шарлапаев.
Министр атағандай, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету де бар.
«Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу көзделген. Заң жобасын қабылдау халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға және оны оңтайландыруға әкеледі деп есептейміз. Сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлудің бірыңғай механизміне енгізуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ