«Кітап-AMANAT»: Алматыда Мұхтар Шахановтың оқырмандармен шығармашылық кездесуі өтті
Іс-шара барысында ақын «Желтоқсан эпопеясы» кітабы аясында жастармен диалог жүргізді
Алматыда «AMANAT» партиясының «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ұлт жанашыры, халық жазушысы, ақын, жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Мұхтар Шахановтың оқырмандармен шығармашылық кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еліміз үшін көп еңбек сіңіріп, қоғам өмірін өз өлеңдеріне арқау еткен ақынның еңбектері әлемнің 20 тіліне аударылып, қазақ әдебиетін бүкіл әлемге паш етті. Рухты ақынның өлеңдері жас өскелең ұрпақтың жүрегіне Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімді ұялатады. Сонымен қатар, Мұхтар Шаханов халық арасында танымал бірнеше әндердің авторы, «Жұбайлар жыры», «Гүл дәурен», «Туған күн кешінде» сынды әндері халық арасында кең тараған.
Осы орайда, ақиық ақын туындыларының ішінен «Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі» өлеңін оқып беріп, оқырмандармен қосыла домбыраның қоңыр үніне бірнеше әндерінен үзінділер орындады.
Іс-шара барысында ақын, саяси қайраткер «Желтоқсан эпопеясы» кітабы аясында жастармен диалог жүргізді. Жас оқырмандар Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы жайында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.
«Мен тек қана шындық үшін күресіп келе жатқан адаммын. Өмір деген күрес, шындық үшін күресе алмаған адамды мен адам деп есептемеймін. Осы «Желтоқсан эпопеясында» желтоқсанның шындық жыры шырқалған. Осында отырған бүлдіршіндерге, жастарға, ұстаздарға құрметімді, алғысымды білдіремін, ниеттеріңізге ризамын, шындық үшін күресуді тоқтатпаңдар», – деді Мұрат Шаханов.
Іс-шара соңында кездесуге келген студенттерге автордың кітаптары сыйға тартылды.
«Кітап-AMANAT» жобасының мақсаты – оқырмандарды қол жетімді бағадағы тиісті кітап қорымен қамтамасыз ету арқылы қазіргі заман авторларының шығармаларын және жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілету.
Алғаш болып Алматыда қыркүйектің 22-сі ашылған орталықта бұл жазушы, ақындармен өткізіліп жатқан бесінші шығармашылық іс-шара. Алматы қаласында бастау алған жоба аясында ақын-жазушылар мен ғалымдар өз еңбектерін «Кітап-AMANAT» дүкеніне ұсынып, насихаттап қана қоймай, оқырмандармен кездесу, тұсаукесер өткізу үшін кітап дүкенінің алаңын қолдану мүмкіндігіне ие.