$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.11.2023, 06:19
Қоғам

Павлодар облысында елу шақты жылқының өлексесі табылды

Жануардың неден қырылғаны белгісіз

Павлодар облысында елу шақты жылқының өлексесі табылды

Максимов ауылындағы келеңсіз оқиға жөнінде ақпарат облыстық ветеринария басқармасына осыдан үш күн бұрын түскен. Мал дәрігерлері алынған сынамаларды зертханалық сараптамаға жіберді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар24» арнасына сілтеме жасап.

Максимов ауылына асығыс аттанған ветеринарлар 27 жылқының өлексесін тапқан. Малдың іші кеуіп, ісініп кеткен. Іш өту белгілері де байқалған.

«Материалдар облыстық зертханаға жіберілді. Малда асқазан-ішек жолдарының толып кеткені байқалады. Бізде ағзаның әлдебір нәрседен улануы мүмкін деген күдік бар. Жануарлар дірілдеп жүре алмайды», - деді облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Рашид Нұрбеков.

Мал дәрігерлері алдын ала улану диагнозын қойып отыр. Бұған негіз бар дейді олар. Өйткені төрт жүзге тарта ауыл жылқысы қарабидай алқабында жайылған. Биыл қуаңшылық салдарынан егін шықпай қалды. Қырда шөп жоқ. Сондықтан есептен шығарылған алқаптарға мал жаюға рұқсат берілген. Ал серіктестік өкілдері жер өңдеуге химиялық тыңайтқыштар қолданбадық дейді.

«Бұрын қарабидай егетін алқаптар алыс болды. Жылқылар ол жаққа жете алмайтын. Қарабидайға түсіп отырғаны бірінші рет. Енді зертханалық сараптаманың нәтижесін күтеміз. Жылқылардың уланғанын немесе басқа ауруға шалдыққанын зертханалық талдаулар көрсетеді. Қазір мал жайылып жүрген жерлер пестицид, химиялық заттармен өңделмеген», - дейді шаруа қожалығының өкілі Андрей Божок.

Мамандардың айтуынша жылқылардың ветеринариялық ілеспе құжаттары  да тексерілді. Жамандат, постереллезге қарсы вакцинация толық  жүргізілді.

«Біз жылқылардың нақты неден қырылғанын білмейміз. Сондықтан инфекция таралмас үшін ұзын ор қазып, өлекселердің бәрін бір жерге жинап, жанармай құйып өртедік. Қалдығын көміп тастадық. Өйткені басқа жолмен жоюға мүмкіндігіміз жоқ», - деді ветеринарлық фельдшер Әмір Әбілғазинов.

Бүгін 47 бас жылқының өлгені расталды. Олардың басым бөлігі жекеменшікке тиесілі. Аман қалған жануарлар ветеринарлық бақылауға алынды. Күніне екі рет жануарлардың  дене қызуы өлшенеді. Малдың өрісін ауыстыруға шешім қабылданды.

Серіктес жаңалықтары