$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.11.2023, 08:17
Қоғам

Қазақстанда қызылшаға қатысты қолайсыз эпидахуал қалыптасып отыр – ДСМ

Ажар Ғиният қазақстандықтарды жұқпалы ауруға қарсы қосымша иммундау шараларына шақырады

 

Қазақстанда қызылшаға қатысты қолайсыз эпидахуал қалыптасып отыр – ДСМ
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларына қатысуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елінде қызылша ауруына қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр.

Инфекция жұқпалы және ол ауа тамшылары арқылы тез таралады. Соңғы екі айда елімізде сырқаттанушылар саны күрт өсті.

Биыл 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның 83%-ы балалар, негізінен 5 жасқа дейінгілер. Олардың 70%-ы екпе алмаған. Науқастардың арасында екпе алмаған ересектер де бар.

Инфекцияның таралуының артуы салдарынан Қазақстанда қосымша жаппай иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды.

Ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Министрдің айтуынша, вакцина жеткілікті.

«Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», — деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың салдарын да назарға салды.

«Бүгінгі таңда қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», — деп түйіндеді Ажар Ғиният.

Серіктес жаңалықтары