$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.10.2023, 23:32
Қоғам

190 млн теңге жымқырған: Ақмола облысында шенділер мен ЖШС басшылары сотталды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

190 млн теңге жымқырған: Ақмола облысында шенділер мен ЖШС басшылары сотталды
Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысында 190 миллион теңге бюджет қаржысын жымқарған Целиноград аудандық құрылыс бөлімінің, «Еңбек Аршалы» РМК филиалының және ЖШС басшыларына қатысты сот  үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық соттың мәліметінше, аталған адамдар Қосшы қаласында электрмен жабдықтау объектілерін салу жобасы бойынша жұмыс актілеріне қол қойып, нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын аудару жолымен аса ірі мөлшерде ақша жымқырған (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-бөлімшесі).

Сотта Целиноград аудандық құрылыс бөлімінің және «Еңбек Аршалы» РМК филиалының басшылары кінәсін мойындамады, ал ЖШС басшысы кінәсін ішінара мойындады.

Сотталушылардың кінәсі мемлекеттік сатып алу туралы шартымен, сараптама қорытындылары, жобалау-сметалық және бухгалтерлік құжаттармен расталды.

«Қосшы қалалық сотының үкімімен Целиноград аудандық құрылыс бөлімінің басшысына 7 жылға, «Еңбек Аршалы» РМК филиалының басшысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етіп, залалды ішінара өтегенін есепке ала отырып, ЖШС басшысы шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардан келтірілген материалдық залал мемлекет кірісіне ортақ тәртіппен өндірілді», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары