БҚО-дағы жас робототехниктер әлем чемпионатының абсолютті чемпионы атанды
Оқушыларға Робототехника орталығы сыйға тартылды
Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Орал қаласындағы «Оқушылар сарайы» мекемесі жанынан «It сынып» ашылған болатын. Қазіргі таңда бұл сыныпта педагог-модератор Нұрбол Мұсаұлының жетекшілігімен «Робототехника» үйірмесі жұмыс жасайды. Биыл оралдық оқушылар халықаралық Робототехника чемпионатының абсолютті чемпионы атанып, батысқазақстандықтардың мерейін асырды. Осы аталған жетістіктер бойынша Робототехника үйірмесі оқушыларына Әсел Тасмағамбетованың «Сәби» Қайырымдылық қорының қолдауымен жаңа Робототехника орталығы сыйға тартылды. Бүгінде заманауи технологиямен толық қамтылған орталықтың жеткен жетістіктері туралы үйірме жетекшісі Нұрбол Қырықбаевтан сұраған едік.
Нұрбол Мұсаұлының айтуынша, Алматы қаласындағы Дарын орталығы, Haileybury қазақ-британ мектебінің ұйымдастырумен «Haileybury International First Championship 2023» атты халықаралық чемпионатта «Social Media Challenge» категориясында Оқушылар сарайының «HighTech» командасы «ГРАН ПРИ» ұтып, команда First Lego League фестивалінің 2024 жылға арналған жаңа маусымының жинағын иеленген. Байқауға еліміздің әр облысынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 150-ге жуық команда қатысып, бес категория бойынша бақ сынасты. Оқушылар сарайынан қатысқан «HighTech», «Jaiq» командалары «Сhampions award» абсолютті чемпион атағын жеңіп алған.
– Қазіргі заман – робототехниканың қарышты дамыған кезеңі. Қазірде бұл экономиканы ілгерілетуші салаға да айналған. Өйткені, барлық салада жаңаша көзқарас қалыптасып, тиімді технология қолданысқа еніп отыр. Оның ішінде, сандық технологияның соңғы үлгісі болған жасанды интеллектке сұраныс күннен-күнге артып келеді. Бүгінде дамыған мемлекеттерде адам жасайтын жұмысты роботтардың атқарып жатқанына көз де үйренгендей. Білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ескере отыра, оқушылардың логикалық ойлау, талдау жасай білуге, өздерінің жобаларын жасауды үйрету үшін 8-16 жастағы білім алу шыларға жүзеге асырылатын бағдарлама. Жалпы сынып оқушыларын 3 негізгі бағыт бойынша яғни бағдарламалау, 3д үлгілеу, ақылды роботтарды құрастыру оқытылады. Жаңа технологиялармен жабдықталған кабинет жастардың цифрлы технологияның тілін жетік меңгеріп, инженерлік-технология, химия-биология бағытында ғылыми-зерттеулермен айналысуларына, шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ, – дейді робототехниканың білгір маманы.
Қазіргі дамыған заманда адамзат баласы бір орында тоқтап қалмай, әрқашан соңғы жаңалықтан хабардар болып, жаңа технологияларды меңгеруі керек. IT-технология саласының бірден бір тілі – бағдарламалау тілі. Робототехника үйірмесінің жетекшісі Нұрболат Мұсаұлының айтуынша, үйірмеге қатысатын балалардың жетістігі көп.
– Алайда бәсекелестер де артып келеді. Биылдың өзінде 200 шақты бала үйірмеге жазылған. Уақыт өте олардың қатары сиреп, шынайы қызығатындары қалады. Ал шамамен 25-30 бала түрлі жарыстарға қатысып жүр, – дейді үйірме жетекшісі.
Балалар робот құрастырып қана қоймай, құлтемірге жүктелетін міндеттің орындалуына арналған бағдарламалар да жазып үйренеді екен. Сонымен қатар үйірмеге қатысатын балалар математика, информатика, инженерлік негіздері және басқа сала ғылымдарының заңдарын өзара үйлестіріп, ойлау қабілетін дамытады.
2018 жылдан бастап «Робототехника» үйірмесі 5-11 сынып оқитын мектеп оқушыларына Lego Mindstorms Education Ev3 жабдықтамасында білім беріп келеді. Үйірменің мақсаты – мектеп оқушыларына инновациялық технологияларды, лего конструкторлары арқылы роботтарды құрастырып, бағдарламалауды үйрету. Күні бүгінге дейін көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерген. Әлемдік ақпараттық білім деңгейін көтерудің тиімді жолы – білім беру саласын толықтай ақпараттандыру десек, үйірме мүшелері «IT – біздің таңдауымыз» тақырыбында ғылыми жоба бастаған. Жоба мақсаты біз YouTube бейне порталында және TikTok, Instagram, Facebook әлеуметтік желі парақшаларында роботтық техника, бағдарламлау, 3d модельдеу бағыттары бойынша қазақ тілінде үйрететін бейне курстар түсіріп, инновациялық технологияларды насихаттау. Бұл арқылы оқушылар ғаламтор желісінде тек пайдалы ақпараттарды көріп, өз бетінше білім алады деп есептейді.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен ақпараттық технологиялар колледжі базасында өткен «Junior Skills – 2022» чемпионатында «Робототехника» құзіреттілігі бойынша «IT-технология» үйірмесінің оқушылары Артур Жақсығалиев жүлделі бірінші орынды иеленген. Халықаралық Робототехника олимпиадасының аймақтық кезеңінде Нұрболдың шәкірттері «Future Engineers» категориясы бойынша жеңімпаз атанған. «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңінде «Менің ашық университеттерім» аталымы бойынша «IT-технология» үйірмесі ооқушыларының жұмысы үздік деп танылып, Мағал Зейіннің жұмысы республикаға жолдама алды. Қарағанды қаласында «ROBOLAND 2022» VII Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінде «Roboland Friendship» категориясы бойынша жүлделі І орын бұйырған. Алматы қаласы әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған «AlmatyTech CUP-2022» атты Республикалық робототехника және инновациялық технологиялар чемпионатында «Line» категориясы бойынша 184 команданың ішінен жүлделі ІІІ орын қанжығалапты. Биыл Оқушылар сарайы жылды қорытындылап, «Бір жүректе – мың тілек» гала-концертін ұйымдастырған болатын. Жыл қорытындысы бойынша «Робототехника» үйірмесінің оқушылары «Жыл жаңалығы» аталымының иегері атанды.
Мәселен, Әлиислам Құрманғалиев пен Артур Жақсығалиев «IT-технология», «Робототехника» үйірмелеріне бес жылдан бері қатысып келеді. Дарынды балалар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде көптеген жетістіктерге жеткен. Олар лего конструкторларынан әртүрлі роботтар құрастырып, бағдарламалауды үйренуде.
Балаларға жастайынан заманауи ғылымның қыр-сырын үйретіп, бүгінгі заманның ең қажетті дағдыларын бойларына сіңіретін бұл үйірмеде келешекте елімізді өрге сүйрейтін ғалымдар тәрбиеленіп жатыр.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы