Биыл қазақстандықтар 13 млрд теңгеден астам ақшасын интернет-алаяқтарға берген

1200 қазақстандық қаржы пирамидаларында ақшасынан айырылған

Биыл қазақстандықтар 13 млрд теңгеден астам ақшасын интернет-алаяқтарға берген
Фото: gov.kz

Қазақстандықтардың интернет-алақтарға алдану дерегі азаяр емес. Биылдың өзінде ел тұрғындары 13 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл әрекеттердің салдарынан зардап шеккендерге 13 млрд теңге шығын келген. Алаяқтықтың ең көп таралған әдісі — онлайн сауда. Онлайн саудамен байланысты 7 мың алаяқтық жасалған», — деді Рүстем Дүйсетаев апталық брифингте.

Оның айтуынша, банктер мен микроқаржы ұйымдарында алаяқтық пен жалған онлайн несие беру деректері де иілеп кеткен. Статистикада мұндай 1600 дерек тіркелген. 1200 қазақстандық қаржы пирамидаларында ақшасынан айырылған.

«Алаяқтар өз тәжірибесінде өзін ең үздік қаржылық ұйым ретінде көрсететін жалған веб-сайттарды белсенді түрде пайдаланады. Кейде сенімге кіру үшін олар азаматтарға бір реттік дивиденд төлеп жатады», - деді ІІМ өкілі.

Сондай-ақ азаматтардың карталарынан ақша алу үшін жалған төлем сайттарын жасап, карта деректерін енгізу кезінде қажетті соманың орнына барлық соманы есептен шығарып отырған.

«Бүгінде банктер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық алаңдаушылық туғызып отыр. Осы тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам алдау дерегі тіркелді. Мұндай қылмыстардың көбі шетелден жасалады. Бұл оларды ашу процесін қиындатады. Егер онлайн-сауда бойынша қажетті ақпаратты қазақстандық сайттардан сұратуға болатын болса, өзгелеріне халықаралық сұраныстар жіберу керек. Оған сәйкес, қажетті мәліметті алу үшін ұзақ уақыт кетеді», - деді Р. Дүйсетаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.