Алматы облысының әкімдігі 220-ға жуық жер иеленушіні сотқа берді
Жыл басынан бері пайдаланылмайтын 588,3 мың гектар жер анықталды
Алматы облысының әкімдігі кезінде оңды-солды үлестірілген жерлерді қайтару үшін 219 адамды сотқа берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оларға тиесілі 120 мың гектарға жуық жерді мемлекетке қайтармақ. Аудандар мен Қонаев қаласында жыл басынан бері пайдаланылмайтын 1591 жер учаскесі анықталған. Олардың жалпы ауданы 588,3 мың гектардан асады. Жер ресурстарын басқару департаменті жекеменшік құқығындағы алаңы 49,7 мың га 241 субъектіге ұйғарым табыс етті. Сондай-ақ жалпы ауданы 181,2 мың га болатын 296 жер учаскесі бойынша сотқа талап арыздар жолданды.
«Бұл мәселені шешу үшін кейбір жер иелері жерлерін өз еріктерімен мемлекеттік меншікке қайтарды. Ондай жерлердің жалпы ауданы 115,3 мың га құрайды. Жалпы мемлекеттік меншікке барлығы 178,0 мың га жер қайтарылды», - деді Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Кеңесбайұлы.
Биыл сот шешімі бойынша 77 жер учаскесі бойынша жалпы ауданы 62,6 мың га жер учаскесін заңсыз деп тану және жалдау шарттарының күшін жою туралы ұйғарымдар шығарылды. Қазір жалпы ауданы 118,5 мың га болатын 219 жер учаскесі бойынша талап арыздар сотта қаралып жатыр.
«Ерікті түрде мемлекет меншігіне 115,3 мың га жер қайтарылды. Жалпы 178,0 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ тиісті шаралар қабылдау және салықты 20 есеге ұлғайту жөнінде нұсқамалар тапсыру үшін аудандар мен Қонаев қаласының әкімдіктері Жер ресурстарын басқару департаментіне аумағы 17,6 мың гектар жерге қатысты 169 материалды тағы жолдады», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.