Сән-салтанатқа салынатын салық: қандай мүліктің салығы көбейеді
Оның коэффицентін белгілеуді жергілікті атқарушы органдар атқармақ
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенаттағы Үкімет сағатында жаңа Салық кодексіндегі «сән-салтанат» салығы жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Сән-салтанат» заттарына қосымша акциздеу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құнының 10% мөлшерінде қымбат тұратын алкоголь және темекі өнімдеріне акциздер енгізу ұсынылады. Мүлікке салық салудың келесі тәсілдері ұсынылады. Біріншіден, яхталарға, жеке ұшақтарға салық мөлшерлемелерін арттыру. Екіншіден, барлық ЖТ объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК шегінен асқан жағдайда салықтың жоғары мөлшерлемелерін белгілеу ұсынылады»,- деді ол.
Министр атағандай, қымбат жылжымайтын мүлік объектілері үшін «сән-салтанат коэффициентін» белгілеу бойынша жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) құзыретін белгілеу ұсынылады.
«Арнайы салық режимдерін оңтайландыру үшін талап етілмеген режимдерді жоя отырып, ұқсас шарттары бар режимдерді біріктіру.Нақты қолдану деректерін ескере отырып, режимдерді қолдану шарттары қайта қаралатын болады.Бұдан басқа, тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және олардың тиімділігіне мониторинг сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Салықтық жеңілдіктер ұғымын нақты регламенттеу, салалық мемлекеттік органдардың салық жеңілдіктерін енгізу кезінде мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуіне міндетті мониторинг жүргізу, салық есептілігі нысандарында ұсынылатын барлық жеңілдіктерді көрсету, қарсы міндеттемелерді белгілеу ұсынылады», - деді Қуантыров.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ