Tengri Bank-тің бұрынғы басшысы қаржылық алаяқтық бабы бойынша сотталды
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Қаржылық алаяқтық бойынша сотқа тартылған Tengri Bank-тің бұрынғы басшысы Ержан Шайкенов пен ҰҚТ-ның басқа 13 мүшесіне қатысты сот үкімі шықты. Олар бюджетке 23,5 млрд теңге шығын келтірді деп айыпталады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алматы қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
14 сотталушыға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және жымқыру, банктің ақшасын заңсыз пайдалану және өз өкілеттіктерін теріс пайдалану жолымен ақша қаражатын ұрлау фактісі бойынша айып тағылды (ҚК 243-бабы, 1-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы, 250-бабы, 2-бабы, , 28-баптың, 5-тармағы, 189-бабы, 4-бөлігі).
«Шайкенов банк төрағасы бола отырып, 2015-2020 жылдары 13 адамнан тұратын қылмыстық топ құрды. Олардың көмегімен ол борышкерлердің теріс сипаттамаларына қарамастан, қарыздар беруге арналған өтінімдердің қаралуына оң ықпал етіп, оның ішінде кредиттің стандартты талаптары мен қарыз алушылардың кірістері бойынша деректердің сәйкес келмеуін, нақты кепілді заты болмауын елемей, қарыз алушылардың төлем қабілетсіздігінің жоғары тәуекелдерінің болуын, сондай-ақ оларға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу үшін негізсіз жеңілдік кезеңін ұсынуды қамтамасыз етті», - делінген хабарламада.
Сотталушылар өз кінәсін мойындамады.
Жаза тағайындау кезінде жасалған қылмыс бойынша әрбір сотталушының рөлі, оның жасаған ісіне қатынасы, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескерілгені нақтыланады.
«Екеуі, соның ішінде Ш. және И. өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және бөтеннің мүлкін ірі көлемде иемденгені және ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқаруына тыйым салынды», - делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ, 6 адам бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде иемденгені және ысырап еткені үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленіп, коммерциялық ұйымдарда 10 жылға басшы және жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үшеуі банктің ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, оларға жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 1 жылдан 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.
Екеуі банктің ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Біреуіне қатысты іс қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.