Атырау облысындағы жалғыз өзен порты құрдымға кетуі мүмкін
Жұмыстың тоқтағанына 3 жылдан асты
Атырау облысындағы жалғыз өзен порты құрдымға кетуі мүмкін. Кәсіпорын қазір банкрот алдында тұр. Жұмыстың тоқтағанына 3 жылдан асты. Каспий теңізінің құрғауы, су жолының тазаланбауы жағдайды ушықтырып барады. Жайық сағасының деңгейі қазір бар жоғы 20-30 сантиметрден аспайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Өңір логистикасының күретамырына айналған өзен порты, айналасы 13 жылдың ішінде осымен екінші рет ұзақ уақытқа тоқтап тұр. Бұған дейін, ірі өндіріс ошақтарына қажет құрылғылардың дені осы порт арқылы жеткізілді. Жылына 15 мың тонна жүк қабылдауға қауқарлы кәсіпорынға алыс-жақын шет елден сұраныс көп. Бірақ теңіз тамағының бітелуі- табысты тапсырыстардың орындалуына тұсау салып тұр.
«Әзірбайжаннан, Ираннан, сол жақтағы мемлекеттің өкілдері шықты. Түркия мемлекетінің азаматтары келіп кетті портқа. Олар біздің күкіртті теңіз арқылы экспорттағысы келеді. Бірақ мүмкіншілік, жағдай жоқ», - деді порт серіктестігінің директоры Азамат Зұлқарнаев.
Қазір порт тек шығынға ғана жұмыс істеп тұр. 3 жылдан бері кіріс жоқ.
Порттағы жүк сақтауға арналған ашық алаңның аумағы 31 мың шаршы метрді құрайды.Оның тек қазір 10 пайызы ғана жалға берілген. Қалған бөлігі тұралаған жұмыстың кесірінен қаңырап бос жатыр.
Жайық-Каспий бассейнінің таяздануы тек өзен портының жұмысына ғана емес, балық шаруашылығының дамуына да кедергі келтіреді. Су жолына тәуелді мұнай саласына да кері әсерін тигізеді.
«Теңіздегі мұнай өндіру операциялары қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Екіншіден – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Үшіншіден – ол балық ресурстары. Төртіншіден – кеме жүру секілді экономикалық қазіргі қымбатшылық жағдайында, тауарлар мен өнімдерді барынша арзан қылатын сауда жолымыздан айырылып отырмыз», - деді облыстық экологиялық кеңестің төрағасы Арман Хайруллин.
Енді әкімдіктегілер Жайықтың Каспийге құяр тұсын тереңдету үшін жобалық-сметалық құжат жасақтаған. Ұзындығы 13,6 ені 40 шақырым болатын аумақтың түбін 3 метрге дейін қазбақ. Әрі, порт бастан-аяқ жаңғыртылады. Оған шамамен 16 млрд теңгедей қаржы көзделген.
«Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары үкіметтің резервінен атқарылатын болады. Бұл жерде енді резервтен бөлінетін қаржыға сәйкес, конкурс жұмыстары емес, атқаратын компаниялармен келісім шарт жасақталатын болады», - деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдарбек Зиноллаев.
Өзен портының жұмысы жанданса, бұл маңға түрлі қойма салу жоспарда бар. Кәсіпкерлер тапсырыстарын алғанша, келген тауар сол қоймада сақталмақ.