$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2023, 17:17
Қоғам

БҚО-да ветеринариялық станцияларға жаңа көліктер берілді

Өңірде биыл ветеринария саласына 2 млрд 653 млн теңге бөлінген

БҚО-да ветеринариялық станцияларға жаңа көліктер берілді

25 қазан Республика күніне орай БҚО-да ветеринария басқармасына бағынысты аудандық ветеринариялық станцияларға 235 миллион теңгені құрайтын 18 жаңа көлік берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ветеринария саласының білікті мамандары мал дәрігерлерінің жалақысын көтеру, материалдық-техникалық базасын нығайту керектігі бұған дейін жиі көтерілетін. Осы бір өзекті мәселені шешуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын өңір басшыларына тапсырған еді. Президент тапсырмасы өңірлерде ретімен орындалып жатыр. Батыс Қазақстан облысында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология ғылыми-зерттеу зертханасы алаңында Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасына бағынысты аудандық ветеринариялық станцияларға жаңа қызметтік автокөліктер берілді.

Ветеринарлық ұйымдардың жұмысын талапқа сай жүргізу үшін жергілікті билік қолдан келгенше қолдау көрсетіп отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтың айтуынша, бұл жұмыстар үздіксіз жүргізілмек. Алдымен аймақ басшысы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегі зор екенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ветеринария саласын реформалауға айрықша ден қойғаны мәлім. Орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындап, саланы толықтай цифрландыру, маман даярлау, жалақыны арттыру секілді маңызды міндеттерді де жүктеді. Бүгінде мал шаруашылығын дамытуды ветеринария саласынсыз елестету мүмкін емес. Медицина саласы адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді. Бүгінде ветеринария саласында атқарылып жатқан игі істер аз емес. Өздеріңіз білетіндей, жылма-жыл ветеринария саласына бөлінетін қаржы артып келеді. Биыл 2 млрд 653 млн теңге бөлінсе, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артып отыр. Сала мамандарының жалақысы да биыл 22 пайызға артып, еңбек демалысына шыққанда екі айлық сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене бастады. Келер жылы ветеринарлардың жалақысын тағы да арттыру көзделіп отыр. Ветеринария саласының қызметкерлері толыққанды, жүйелі жұмыс жасауы үшін барлық аудандар компьютерлермен қамтамасыз етілді. Бұл салаға толыққанды көңіл бөлуді жалғастыра береміз. Малдың эпизоотикалық жағдайы тұрақты болған жағдайда, мал шаруашылығы ілгері дамитын болады. Сіздердің жұмыстарыңызды одан әрі тиімді, жүйелі жүргізу үшін облыстық бюджеттен 235 миллион теңге қаражат қарастырылды. Мемлекет мүлкі болғандықтан, көлікті ұқыпты, мақсатқа сай пайдалануды сала басшыларына жүктегім келеді», – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы ветеринариялық станция қызметкерлеріне су жаңа автокөліктердің кілтін табыстап, жиналғандарды келе жатқан Республика күнімен құттықтады.  

Сондай-ақ аймақ басшысы табысталған жаңа қызметтік көліктер кәсіпорындардың өздеріне жүктелген кәсіби міндеттерін орындауды біршама жеңілдететіне сенім білдірді.

Өз кезегінде  Бөкей ордасы аудандық ветеринариялық станциясының директоры Алмабек Құрмашев мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмектер үшін ветеринария саласы қызметкерлері атынан облыс басшылығына алғыс білдірді.

«Ветеринария саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мамандардың жалақысы өсті. Бөкей ордасы ауданы Хан ордасында жақында жаңа ветеринарлық бөлімше ашылды. Бүгін жаңа автокөліктердің кілтін алып қуанып жатырмыз. Енді шалғайдағы елдімекендерге қиындықсыз қатынап, ауылшаруашылығы жануарларына сапалы қызмет көрсетуге, облыс көлемінде ауылшаруашылық жануарларының эпизоотикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды деп ойлаймыз. Ветеринария – күрделі сала. Көңіл бөлініп, мамандарға жағдай жасалып, еңбекке қабілетті арттырғаны қашан да қуантады. Ал осы шараның мәртебелі мерекемен тұспа-тұс келуі ерекше әсерлі болды», – дейді Алмабек Манарбекұлы.

Қызметтік көліктердің жалпы саны 18 болса, оның төртеуі - жеңіл автокөлік, ал 14-і - газель. Жаңа қызметтік автокөліктер ветеринар мамандардың шалғай орналасқан елдімекендерге уақытылы жетіп, ауыл шаруашылығы жануарларына сапалы ветеринариялық іс-шараларды топпен жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыстың эпизоотиялық ахуалын жақсартуға да бұл автокөліктердің үлесі зор болмақ.

Айта кетейік, бүгінде облыста қала және аудандық 13 ветеринариялық станция мен 147 бөлімше бар. Облыста ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Кейінгі жылдары өңірде жануарлар арасында аса қауіпті аурулар көрініс берген жоқ. Эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары