Республика күнінде Батыс Қазақстан облысында қандай іс-шаралар өтеді
Өңірде айтулы дата кеңінен аталып өтпек
Батыс Қазақстан облысында мереке шеңберінде 80-ге жуық ірі іс-шара жоспарланып, нақты жұмыстар басталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Республика күні 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен, араға 13 жыл салып, Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарына қайта енгізілді. Бұл туралы БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева мәлімдеді.
«2022 жылы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, «Республика күні – еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы қажет деді. Мемлекет басшысы «Әрине, Тәуелсіздік күнінің мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қалады. Бірақ тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деген болатын. Мемлекеттік мерекелердің тізімінде Республика күні ұлттық мереке статусына ие болып екінші жыл аталып өте бастады. Мерекенің аясында қазақ елінің тарихи шежіресіне мән беріп, Қазақстанның тәуелсіз жолында жеткен жетістігі, ұлттық мүддесі, елдігі, Мемлекеттік Ту аясында халықтың бірлігі, Қазақстан халқының патриоттығы кеңінен насихатталып, еңбек адамдары марапатталады», – дейді басқарма басшысы.
Гүлжанар Болатқызының айтуынша, Республика күні елордада Мемлекет басшысының қатысуымен дәстүрлі түрде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі жоспарлануда. Салтанатты іс-шараға Батыс Қазақстан облысынан 10 делегат қатысады. Қазақстанның барлық аймақтарында Ту көтеру шаралары өтеді. Өңірімізде 25 қазанда облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен Тұңғыш Президент алаңында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Мемлекеттік Гимн орындалады. «Атамекен» өнер ордасында «Мәңгілік жаса, қыран елім, Қазақстаным!» атты салтанатты шараға жалғасады. Іс-шара барысында ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталады.
Фото: БҚО әкімдігі
21 қазанда Орал қаласында «Қыран елім – Қазақстан!» жалпыұлтық патриоттық акциясы аясында жастар форумы өтеді. 23 қазанда «Туған жерім – тұғырым» атты облыстық фестивалінің қорытынды гала-концерті болады. Мерекенің идеялогиясы мен тарихын кеңінен түсіндіру жолында 4 ЖОО-ның қолдауымен мекемелерде «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында лекторийлар және ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтеді деп күтілуде. 18-19 қазанда Астана қаласында ҮЕҰ-ның қатысуымен өтетін Қазақстанның XI Азаматтық форумына Батыс Қазақстан облысынан 14 делегат қатысады.
Ұлттық мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар тапсырылады. Бүгін облыс әкімінің қатысуымен Бөкей Орда ауданында Хан Ордасы музей-қорығында Визит орталығы және Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында мәдени нысан ашылады.
Ақжайық ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Теректі, Бәйтерек, Қаратөбе, Казталов аудандарында шағын мектептің ашылуы жоспарлануда. Сонымен қатар Сырым ауданында медициналық-амбулаториясы және су құбыры іске қосылады.
Білім саласында, балабақшаларда, мектептерде, колледждерде бірқатар патриоттық іс-шара өтеді. «Айбынды жастар – Тәуелсіздік тірегі» атты тәрбие сағаттары, челендждері өткізіледі. Олимпиада мен байқаулардың жеңімпаздары марапатталады.
Фото: БҚО әкімдігі
Денсаулық саласында – ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі тарапынан салтанатты шара аясында 52 адамға «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен және алғысхаттарымен марапатталады. Сонымен қатар, емханаларда «Ашық есік» күні өтеді. Әлеуметтік салада – «Жанашыр Жүрек» республикалық әлеуметтік акциясы өткізу жоспарлануда. Бұл акция аясында қиын өмірлік жағдайға тап болған, ТЖ-лар кезінде зардап шеккен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және көпбалалы аналарға құрмет көрсетіледі. Сауда үйлерінде, теміржол вокзалында, әуежайда патриоттық әндер ойнатылады.
Бәйтерек ауданында «Өз еліңді өзгеден бұрын таны» экспедициясы, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандарында «Бастаңғы» жастар ойын-сауық шарасы, Орал қаласы мен аудан орталықтарында «Мемлекеттік Ту – менің туым» атты автошерулер, Қазталов ауданында «Менің кіші Отаным» атты конференция, Тасқала ауданында «Жастар және заман талабы», Ақжайықта «Бірлігім – асыл қазынам» қолөнер көрмесі және Жаңақала ауданында «Байтақ – елім Қазақстан» атты жастар жобасы іске асырылады.
Аймақта идеялогиялық маңызы терең, сана тәрбиелейтін атаулармен «Адал ұрпақ-адал ұлт», «Ұлы дала елінің ұландары», «Ел ертең – білімді жастар», «Айналдым сенен Атамекенім!», «Елім менің – Қазақстан!», «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты мерекелік іс-шаралар өтеді. Әр мерекенің өз символы болады. Ол әлемдік тәжірибе. Биыл Республика күніне орай 2 логотип қабылданған. Бүгінгі күннің талабын ескере отырып, әлеуметтік желіде «Republic Day» логотиппен және Republic Day хэштегімен челлендж ұйымдастырылады. «Біз үшін» атты челлендж аясында Мемлекет тарапынан белгілі азаматтардың қолдауымен, жасап жатырған игі істері туралы айтылады. «Родной Казахстан», «Менің жерім!» айдарлары ашылып, еліміздің әдемі тарихи жерлері, рух көтеретін суреттері және бейнероликтері таратылады.
Фото: БҚО әкімдігі
Айта кету керек, республика деңгейінде «Менің қалам – менің халқыма!» атты ресми челлендж Алматы қаласында 20 қазанда басталып, 25 қазанда Астана қаласында аяқталады. Жоба негізінде еліміздің барлық қала тұрғындары өздерінің құттықтауларын жазып, бір-біріне бейне үндеу жолдайды.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов «Отанымыз бір, ниетіміз бір, халқымыз бір, сондықтан Ұлттық мерекемізді жоғары деңгейде өткізу, соған атсалысу – перзенттік парызымыз» екенін атап өтіп, тұрғындарды елдік мерекеге арналған шараларға ұйымшылдықпен қатысуға шақырды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы