$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.10.2023, 20:34
Қоғам

Ақмола облысында кен орынындағы жарылыстан тұрғындар зардап шегіп жатыр

Мәселені жеткізу үшін тұрғындар барлық тарапқа жүгінуі қажет

Ақмола облысында кен орынындағы жарылыстан тұрғындар зардап шегіп жатыр
Фото: inform.kz

Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі үйлер шетінен қирап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Жолымбет ауылында алтын кенішінде ұдайы жасалатын жарылыс салдарынан үйден қирап жатыр. Мұнда бағалы металды өндіру үшін күн сайын жерасты және жерүсті жарылыстары жасалып тұрады. Үрейден әбден шаршаған тұрғындар баспанасын тастап кетіп жатыр.

«Біз көшіп келген күні-ақ төбе құлады. Екінші, үшінші күндері де үй іргесі сөгіле берді. Жарылыстың салдарын көріп отырмыз. Бұл бір ғана мысал емес. Кеніш айналасындағы әрбір үйдің жайы осындай. Дүмпуді кейде көрші көше тұрғындары да сезінеді екен», - дейді Жолымбет ауылының тұрғыны Жанар Садбекова.

Тұрғындар майдан даласында тұрып жатқандаймыз дейді.

«Құдды майдан даласында тұрып жатқандаймыз. Жарылыс, оның соңы – осы. Бесінші кенішті қазғанда үйімнің шатырын тас басып қалды», - Жолымбет ауылының тұрғыны Абай Бегалинов.

Ауылда жартылай бүлінген үйлер де бар. Оларды кеніште жұмыс істейтін компания сатып алған. Алайда Байтұрсынов пен Наурызбай батыр ауылдары назарсыз қалыпты.

«Иә, жарылыстар болып тұрады. Ауыр жүк көліктері жүреді, айнала шаң. Осының бәрі жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыздық тудырады. Біз компания басшыларына ескерттік, хат жолдадық. Олар бәрін жақсы біледі. Экология бөліміне де хат жаздық. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», - дейді Жолымбет ауылының әкімі Еркін Әуезханов.

Ал алтын өндірушілер тұрғындарға кедергі жасайтынын мойындамай отыр. Олар өздері жасаған сараптама нәтижесін алға тартады.

«Ауылдың бірнеше жеріне арнайы құрылғы қойып, кеніш жұмысының әсерін бақыладық. Шу жағынан да, сейсмика жағынан да нормадан асыру жағдайы тіркелмеді», - дейді «Алтыналмас» АҚ ресми өкілі Гаухар Әбеуова.

Экологиялық аудит нәтижесі көпшілікке көрсетіле бермейді. Мамандар да тәуелсіз сарапшыларды жалдауға тырысады. Дегенмен сараптама нәтижесі шындыққа жанаспауы мүмкін дейді экологтар.

Қысқасын айтқанда, мәселені жеткізу үшін тұрғындар барлық тарапқа жүгінуі қажет.

Ал мәжіліс депутаттары болса проблеманың барын біліп отыр.

«Бұл мәселеден біз де хабардармыз. Мемлекеттік органдардың өзі нақты неге жауапты екенін білмейді. Себебі тараптар өте көп. Экологиялық сараптамада да мәселе бар. Мен жергілікті мемлекеттік органдардан ұзақмерзімді перспективада егіс алқаптарының қалай өзгергенін, адамдардың денсаулығы қалай екенін сұраттым. Ешкім де нақты жағдайды көрсете алмайды. Су көздеріне, топыраққа, адам өміріне, денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын нақты зерттеу жүргізсек қана білеміз. Тиімді және жедел шаралар осындай кешенді зерттеуден кейін ғана қабылданады», - дейді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская.

 

Серіктес жаңалықтары