Карантин кезіндегі Алматы көшелері – фотореп
Алматы полициясы төтенше жағдай ережелерін сақтауға шақырады

Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, патрульдік полиция мен мамандандырылған батальон отрядтары халық арасында түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Халықтан ерекше ештеңе талап етілмейді, белгілі бір жадынама-алгоритм бар, оны қатаң сақтау және заңды бұзбау керек», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Кеше ішкі посттардағы түсіндіру жұмыстары аясында екі мың автокөлік жүргізушісі мен 350-ге жуық азаматпен әңгіме жүргізілді.
Достық даңғылы мен Абай даңғылының қиылысы. Бұл жерде Республика сарайы, Абай алаңы және КIMEP жоғары оқу орны орналасқан.
Назарбаев даңғылы мен Жолдасбеков көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолы. Бұл маңда «Рамстор» сауда орталығы, Президенттің Алматыдағы резиденциясы орналасқан, «Самал» элиталы шағынауданы, Н. Тілендиев атындағы саябақ орналасқан. Әдетте, бұл жерде халық көп жүреді.
Қала орталығындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың бірі.
Қаладағы көлік пен адам көп қатынайтын Абай даңғылының бойы бүгін бос.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңы да әдеттегіден тыныш. Қалада қоғамдық көліктердің жүруіне кешкі 19.00-де дейін рұқсат етілген.
БРТ салынған Тимирязев көшесі мен қаладағы ең ұзақ Сейфуллин даңғылының қиылысқан тұсы. Бұл маңда да автокөліктер легі саябырлаған.
Полиция әрбір автокөлікті тоқтатып, қандай мақсатпен жүргенін білуге тырысады.
Жаяу жүргіншілер де қатаң тексеріледі. Егер карантин тәртібін бұзса, бірінші рет ескертумен шектеледі. Екінші рет 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке қамауға алынады.
Алматыда көше тәртібін 1,5 мың полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары қадағалайды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы