Энергетика министрлігі мен олигархтар ЖЭО-ны саясаттандыруға жол берді – Саиров

Azattyq Rýhy

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылу маусымына қатысты жеке жауапкершілікті сезінетінін айтты

Энергетика министрлігі мен олигархтар ЖЭО-ны саясаттандыруға жол берді – Саиров
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжілістегі пленарлық отырыста «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Ерлан Саиров республикалық және жергілікті бюджеттерден жылу беру объектілерін даярлауға 55 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, еліміздегі жылыту маусымына дайындықтың әлсіз екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мәселен, Қарағанды облысының бірнеше ЖЭО (жылу электр орталығын) тексеруден кейін бірнеше жылу қазандығының тозғаны анықталған.

«Нәтижелер, жұмсартып айтқанда, көңіл көншітпейді. «АрселорМитталТеміртау» ЖЭО-2-де жылу қазандықтарының тозғаны анықталды. №7 жаңа қазандықтың құрылысы келер жылдың соңына дейін созылып жатыр. Теміртау ЖЭО-ға 4 қазандыққа арналған жабдық келген жоқ, жөндеу жұмыстары тиісінше артта қалып отыр. Жылыту маусымы әлі басталған жоқ, ал біз апатты көріп отырмыз», – деді депутат.

Саиров Қарағандыдағы 3-ЖЭО-да болған апатты еске алды, ол бүкіл қаланың электр кернеуінің толық күйреуіне әкеп соққан еді.

«Егер құбыр бір жерде жарылып кетсе, халықтың наразылығында шек болмайды! Сіз және сізге дейін болған министрлер олигархтармен бірге ЖЭО мәселелерін саясаттандыруға жол бердіңіз. Сіз Президент, халық және ел Парламенті алдындағы жауапкершілікті сезінесіз бе?» - деп сұрады депутат.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарағанды энергия торабы бойынша белгілі бір проблемалар барын растады.

«Жылыту маусымы бойынша Үкімет және жергілікті атқарушы билік органдары ауқымды жұмыс атқарды. Республикалық жергілікті бюджеттен 55 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Оның ішінде тек жылу энергетикасы объектілеріне 37,1 млрд теңге қарастырылған. Қарағанды энергия торабы, атап айтқанда, «Арселор Миттал Теміртау» ЖЭО-2 бойынша белгілі бір проблемалар бар, Қазір 4 қазандық, 2 турбина жұмыс істейді. Төртінші қазандық бойынша артта қалу дерегі анықталды», - деді Энергетика министрі.

Министрдің мәліметінше, Теміртаудағы ЖЭО-2 жұмыстары 30 қарашада аяқталады.

«Жеке жауапкершілікке келетін болсақ, иә, біз жеке жауапкершілікті сезінеміз. Депутаттық корпус алдында да, халық алдында да барлық сұраққа жауап беруге дайынбыз», - деді ол.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.