Сәбина Алтынбекованың үстінен арыз түсті
Онлайн курс аламын деп опық жегендер полицияға «алаяқтық» бабы бойынша арызданған
Әлеуметтік желіде Сәбина Алтынбекова онлайн курсына ақысын төлеп, бірақ спортшының бет-жүзін сол күйі көрмеген бір топ адамның cан соғып қалғаны туралы ақпарат пайда болды. Зардап шеккендер алаяқтық фактісі бойынша полицияға арызданған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кейбір деректе спортшының онлайн курсы адамдарға ұнамағаны айтылады, яғни ақысына татымайтын көрінеді.
Ұйымдастырылған тәлімгерлік курс үшін әрбір адам Сәбина Алтынбековаға 290 мың теңгеден төлеген. Кейбіреулер, тіпті, төлемді бөліп төлеуге рұқсат алған.
Полиция аталған фактіні растады, алайда бұл арада бір топ адам емес, тек бір адамнан арыз түскенін жеткізді.
Алматы қаласының полиция департаменті аталған факт бойынша Р. деген азаматтан Түрксіб ауданының полиция басқармасына 2023 жылдың 6 қазанында арыз келіп түскенін хабарлайды.
«ҚР ҚІЖК-нің 179-бабына сәйкес, тараптар арасында шарттық қатынастардың болуын ескере отырып, азамат Р-ға талап қою арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте сотқа жүгіну ұсынылды», - делінген Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі хабарламасында.
Айта кетсек, Сәбина Алтынбекова – Тайбэйде өткен қыздар арасында волейболдан 17-ші Азия чемпионатында ең сұлу волейболшы атанған спортшы.
Тайвань, Жапония және басқа да Азия елдерінің телеарналары Сәбина Алтынбекова туралы бірқатар репортаж түсірді.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН