ШұғылБір тәулікте 1397 адамнан коронавирус анықталды

Алматыға жұмыс іздеп келген Өзбекстан азаматтары қамалды

Қаладағы блок-бекеттерді айналып өткісі келетіндердің саны азаймай тұр

Алматыда карантин режимін бұзып, қалаға кірмек болған өзбекстандық үш азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Қазақстанға келіп ақша табамыз деген гастарбайтерлер енді қомақты айыппұл төлеулері тиіс.

Ал полиция Алматы аумағында төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан бақылау-өткізу бекеттерін заңсыз айналып өтуге тырысатындардың саны азаймай тұрғанын айтады.

«Алатау ауданында үш өзбекстандық ұсталды. Олар Боралдай ықшамауданында орналасқан №3 бекетті айналып өтіп, қалаға кіруге тырысты. Алайда, бұл әрекет нәтиже бермеді. Ер адамдардың Алматыға жұмыс іздеп келгені және олардың карантин туралы білмегені анықталды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шетелдіктерді ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабы («Төтенше жағдайды бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты және әкімшілік қамауға алды», – деп хабарлады Алатау аудандық Полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр.

Алматыда карантин жарияланғалы төтенше жағдай режимін бұзған 196 тұрғын ұсталған. Олардың әрқайсысына 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттелсе, соттың шешімімен 83 адам 3-15 тәулік аралығына әкімшілік қамауға алынды.