Алматыда коронавирус жұқтырған 9 пациенттің жағдайы орташа ауыр
Індеттен жеті адам айығып, 14 күндік үй карантиніне шыққан
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мегаполистегі коронавирусқа қатысты соңғы жағдайды баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде Алматыда коронавирус жұқтырған 66 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. Оның ішінде, ересек 1 науқастың жағдайы ауыр, 9 науқастың (ересек) жағдайы орташа ауыр екен.
«Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус жұқтырған 82 адам тіркелді. Оның ішінде жеті адам стационарда емделіп, 14 күндік үй карантиніне шықты. Олардың қатарында төрт ер адам, екі әйел және бір бала бар», - деді Т. Әбілдаев.
Әбілдаевтің айтуынша, емдеуге жатқызылғандардың бірі – Алматы облысының тұрғыны. 1971 жылы туылған азаматша ЖРВИ белгілерімен жағдайы нашарлап, Алматыдағы көпбейінді клиникалық ауруханасына жүгінген.
«Оған белгілі бір зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде, екіжақты төменгі дәрежелі пневмония анықталды. Сондай-ақ COVID-2019 вирусына талдаулар алынып, нәтижесі расталды. 30-ы күні ол біздің қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына емдеуге жатқызылды», – деді Т.Әбілдаев .
Бұған дейін жағдайы нашарлады деген 2 жастағы баланың жай-күйі жақсарған.
«Екі жастағы баланың жай-күйі жақсарды, қазір қанағаттанарлық жағдайда. Соңғы талдау нәтижесін күтіп отырмыз, егер ол теріс нәтиже берсе, онда ауруханадан шығаруға дайынбыз. Жаңадан анықталған 9 адамның барлығы шет елдерден келгендер. Олар Ыстамбұл, Минск, Дубай қалаларынан қауіпті инфекция жұқтырып келген», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Қазір Алматыдағы провизорлық орталықтарда 697 адам карантинде жатса, олардың 84-і – балалар. Жалпы, қала көлемінде 4 882 адам карантинге алынған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы