Израильде қазақстандық дәрігерлер елге қайту үшін ұшақ билетін 300 долларға алған
Үміт Желдібаева 15 әріптесімен бірге тағылымдамадан өтіп жатқан
«Болашақ» бағдарламасы бойынша Израильде білім алып жатқан қазақстандық дәрігерлер Air Astana ұшағымен елге оралу үшін 300 долларға билет сатып алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстандық медицина маманы Үміт Желдібаева Qazaqstan телеарнасының «1001 түн» бағдарламасының эфиріне шығып, қақтығыс аймағындағы отандастарымыздың хал-ахуалы туралы айтып берді.
Үміт Желдібаева 15 әріптесімен бірге Хайфа қаласына үш айлық тағылымдамадан өтіп жатқанын айтады.
«Қала тыныш болғанымен, қорқыныш-үрей бар. Әуедегі ұшақтар, жедел жәрдем мен полицияның дабылынан құлақ тұнады. Бойымызды үрей билегенікттен, Қазақстан елшігінен көмек сұрадық. Елшілік біздің қауіп аймағында қалмайтынымызды айтты. «Эйр Астана» ұшағына үлгеру үшін әрқайсымыз 300 доллар көлемінде жолақысын төледік», – дейді дәрігер.
Ол сондай-ақ елге оралу үшін арнайы сауалнама толтырғанын, өз азаматтарына қол ұшын созған Қазақстан тарапына алғысын білдірді.
Ол 20 адамдың автобус жалдап, Тель-Авивке жолға шығатынын айтты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Израиль аумағында жүрген қазақстандық 118 азамат елге оралуға өтініш білдірген.
Air Astana ұшағы Израильдегі қазақстандықтарды алып қайту үшін Тель-Авивке ұшып шықты.