«Қарызсыз қоғам»: 50 мыңнан астам қазақстандық қаржылық сауатын арттырды
«Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесі басшысының айтуынша, 1,5 млн адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі бар
Өткен жұма күні Алматы облысы Чапаев ауылында «AMANAT» партиясы халықтың қаржылық сауатын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірге жүзеге асырып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушыларымен кездесу өтті. Іс-шарада партияның облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев модератор болды. Бүгінде өңірдің 6 мыңнан астам тұрғыны жоба аясында оқуын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын тілге тиек етіп, биыл мамырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтті. Бүгінде осы жоба асында 50 мыңнан астам отандасымыз қаржатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренді.
Бұл ретте, жоба түлектерінің 90%-ы оқу процесі кезінде ғана алған несиесінің артық төлем мөлшерін біліп жатады. Несиені қай банкте рәсімдегені немесе несие шартының түпнұсқасы қайда жатқаны көп адамның есінде жоқ. «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, қаржы технологияларының қарқынды дамуы мен халықтың қаржылық сауатсыздығы елдегі әлеуметтік проблемаларды шиеленістіре түсті.
«Көп адамның шығыны кірісінен асып түседі. Адамдар айырмашылықты несиемен өтеуге тырысады. Көп жағдайда бір несиенің қарызын екінші несиемен жабады. Жобаға қатысушылардың бірінде бір мезгілде 26 несие болды. Яғни, адамдар қарызды «жеңіл ақша» ретінде қабылдайды. Сондықтан Мемлекет басшысы жоба игілігін бүкіл еліміз көруі үшін оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Мәселен, келесі жылдан бастап барлық ауданда қаржы сарапшылары жұмыс істей бастайды. Оларға кез келген уақытта бары, кеңес алуға болады. Алайда, мәселенің тек салдарымен ғана емес, сонымен бірге себебімен де күресу керек. Осы мақсатта, партия мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына қаржылық сауаттылық сабағын енгізу үшін оқу құралын әзірлеуге кірісті», – деді ол.
Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылының тұрғыны Махаббат Әлиева «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысудан алған әсерімен бөлісті. Ол жеті бала өсіріп отыр. Оның бірі 1-ші топтағы мүгедек.
«2022 жылы банктердің бірінен 735 000 теңге көлемінде несие алдым. Күйеуім екеуміз оны біраз уақыт төлей алмадық. Өсімақы пен айыппұлдар жинала бастады. Бұл ретте, жоба заңгерлері банкке хат жолдап, соның нәтижесінде ай сайынғы төлем 47 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін төмендеді», – деді ол.
Ал М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова мүгедектігіне қарамастан бизнеспен айналысады. Кәсіпкер қазақтың ұлттық киімдерін, көрпелер мен киіз бұйымдарын тігеді. Оқу барысында салық есебін жүргізуді, ШОБ-ты мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуды үйрендім. Жоба сарапшылары кәсіпкерге бизнес-жоспар құруға көмектесіп, енді ол тігін цехын ашу үшін жеңілдікпен берілетін несие алуды жоспарлап отыр.
Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, микро және шағын бизнес өкілдерінің базарлар мен сауда орталықтарындағы тауар өткізу нүктелеріне қол жетімділігін қамтамасыз етіп, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен ынтымақтастықты жолға қоюы керек.
Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің басшысы Ақмарал Бекмұрзаева қазіргі уақытта елдің экономикалық белсенді өкілдерінің 77%-ы несие алғанын, ал 1,5 млн адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі бар екенін атап өтті.
«Жобаны жүзеге асыру кезінде жиған тәжірибеме қарап, несие қарызы отбасындағы қарым-қатынасқа да теріс әсер ететінін айтар едім. Тіпті, кей жағдайда мұндай қарыздар ауық-ауық естіп жататын қайғылы оқиғаларға да себепкер болады. Жоба қатысушылары көбіне-көп кіріс көлемін арттыру үшін жеке кәсіп ашу жолдары туралы сұрайды. Жоба аясында сарапшылар жеңілдікпен берілетін несие мен грант алуға қажет бизнес-жоспар құруға көмектеседі. Бұл жұмыс та ақысыз негізде жүргізіледі. Қаржы мамандарының дәрісінен бөлек, оқу процесі барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді», – деді ол.
Еске сала кетейік, биыл сәуірде «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру. Жыл соңына дейін 60 мыңға жуық адам «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өте алады. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Бүгінде курстар Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындарына қолжетімді.