Air Astana Тель-Авивке барып қайтқысы келетін жолаушылар үшін қосымша нұсқа іздеп жатыр
Қауіпсіздік мақсатында халықаралық әуекомпаниялар Тель-Авивке/Тель-Авивтен рейстерді тоқтатты
Air Astana әуекомпаниясы ұшуға ниет білдірген жолаушыларды тасымалдаудың балама нұсқаларын іздестіруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тель-Авивтен Алматыға жоспарланған КС650 рейсіне 138 жолаушы билет алған, оның ішінде 37 қазақстандық бар. 7 отандасымыз Air Astana интерлайн-серіктес әуекомпанияның рейсіне қайта брондалып, 19 адам билет құнын толық қайтаруды таңдаса, 3 жолаушы әлі ойланып жатыр.
«Сондай-ақ, әуекомпания Алматы-Тель-Авив бағыты бойынша орындалмай қалған КС649 рейсіндегі шетелдік жолаушыларына билеттерді қайта брондауға жәрдемдесті. Жолаушылардың қалауына сәйкес Түркия мен Грузияға ұшуға балама берілді», - деп мәлімдеді Air Astana.
Air Astana Израильдегі ҚР Елшілігі ашқан WhatsApp чатында кеңес беріп, қолдау көрсету үшін арнайы қызметкерін тағайындады; және Израильге/Израильден ұшуға қатысты мәселелер бойынша тәулік бойы қызмет ететін жедел желіні құрды: +7 (727) 244 44 78, +7 702 702 0074 (WhatsApp).
«Әуекомпания Израильден ұшуға ниет білдірген барлық қазақстандықтардың оралуын қамтамасыз ету үшін бар күшін салып жатыр. Жолаушылардан қауіпсіздік шараларын сақтауды және әуекомпанияның жаңартуларын мұқият қадағалауды сұраймыз», - делінген Air Astana хабарламасында.