Атырауда мемлекет иелігіндегі жер телімдерін сатқандар сотталды

Azattyq Rýhy

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Атырауда мемлекет иелігіндегі жер телімдерін сатқандар сотталды
Фото ашық дереккөзден

Атырауда мемлекет иелігіндегі жер телімін сатқандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырау қаласының №2 сотында алаяқтық дерегімен мемлекеттік сот орындаушы М.З.-ға, жеке тұлғалар Р.Н. мен Д.С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің190-бабының 4-бөлігімен тергелген.

«Мемлекеттік сот орындаушы М.З. қызмет бабын пайдалана отырып, бұрын сотталған Р.Н.-мен және оның бұрынғы жұбайы Д.С.-мен бірге бірнеше рет мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін көрінеу жалған сатып алу-сату шарттарын жасасу арқылы мемлекет меншігінен шығарған. Алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен үшінші тұлғаларға заңсыз сату арқылы мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген», - делінген хабарламада.

Сот отырысында процестік келісім жасақтау туралы өтінішхат берілген. Аталған өтінішхат қанағаттандырылып, прокурор мен сотталушы арасында процестік келісім жасақталған.

«Сот үкімімен М.З. кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Р.Н. кінәлі деп танылып, оған коммерциялық немесе өзге ұйымдарда басқару функцияларын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге, Қылмыстық кодексінің 60-бабының 1-бөлігінің негізінде үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталғандардың жас балалары 14 жасқа толғанға дейін жазаларын өтеуі кейінге қалдырылды. Д.С. кінәлі деп танылып, оған коммерциялық немесе өзге ұйымдарда басқару функцияларын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.