$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аутизм пандемиясы басталды – фейк емес пе?

2000 жылдан бастап аутизм жағдайлары АҚШ-та 241% артқан. Ал Қазақстанда қалай? 

Аутизм пандемиясы басталды – фейк емес пе?
Фото: azattyq-ruhy.kz

Әлеуметтік желіде әлем бойынша аутизм синдромы анықталған балалар саны күрт артты деген дерек лезде тарап кетті. Яғни, 2000 жылдан бастап аутизм жағдайлары 241% артқаны туралы жазылып жатыр. 23 жыл бұрын мұндай диагноз 10 мың баланың біріне, ал қазір әрбір 44 балаға қойылады екен. Демек, аутизм пандемияға айналғаны ғой? Азаттық рухы тілшісі бұл ақпараттың қаншалықты шынайы екенін және Қазақстандағы аутизм анықталуы туралы зерттеді.

ӘР 44 АМЕРИКАЛЫҚТА АУТИЗМ БЕЛГІСІ БАР

Алдымен, әлемдегі көрсеткіштерге зер салайық.

«Постта келтірілген көрсеткіштер сәл бұрмаланған. Ұсынылған көрсеткіштер – АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) деректері және тек осы елге ғана қатысты. 2021 жылы ведомствоның есептеуінше, 44 америкалықтың біріне аутизм спектрінің әртүрлі бұзылыстары (АСБ, Autism specturum – ред.) диагнозы қойылған.

АСБ «Психологиялық дамудың жалпы бұзылулары» айдарына кіреді және F 84.0 – 84.5 диагноздарын қамтиды (балалар аутизмі; атиптік аутизм; Ретта синдромы; балалық шақтағы басқа дезинтегративтік бұзылулар; ақыл-естің артта қалуымен және стереотиптік қимыл-қозғалыстармен үйлесетін гипербелсенді бұзылу).

2000 жылы мұндай диагноз 150 адамның бірінде тіркелген. Ал 1970 жылдардағы статистикаға сәйкес, 10 мың америкалықтың бірінен ғана мұндай ауру табылған. Алайда, бұл деректер сырқаттың өсуінің сөзсіз дәлелі бола алмайды», - деп жазады Stopfake.kz.

«Неге?» деген заңды сауал туындайды. Оның себебін сала мамандары былай түсіндіреді. 1970 жылдары, тіпті, 2000 жылдардың басында аутизмді диагностикалау әдістері әртүрлі болған. Мәселе, осында. Яғни, кей адамдарда аутизм спектрінің әртүрлі бұзылыстары болғанымен, ол жасырын қала берген.

1980 ЖЫЛДАРЫ АУТИЗМ ШИЗОФРЕНИЯДАН АЖЫРАТЫЛДЫ

«Бала аутизмі» ауруын алғаш рет 1943 жылы америкалық психиатр Лео Каннер сипаттап көрсеткен. 1970 жылдары бұл диагноз бен оның көріністері түсініксіз болды, оны ешкімге қоймайтын. Ресми түрде диагноз тек 1980 жылдары қойыла бастады. Ол кезде ауру шизофрениядан өзгеше екені белгіленіп, «дамудың жалпы бұзылуы» ретінде аталды. Бұл тұжырымдама 1987 жылы кеңейтіле түсіп, жанына «жеңіл ауырлық» сөздері қосылды. Алайда, ол кезде әлі де аутизм хал-ахуалдың толық спектрі ретінде емес, жалпы диагноз ретінде қарастырылды. АСБ диагностикалау тәсілі де, АСБ (Autism specturum – ред.) термині де 1994 жылы ғана пайда болды және 2000 жылы қайта қаралып, кеңейтілді.

2019 жылы қабылданған аурулардың 11-ші халықаралық классификациясында АСБ ұғымы тағы да кеңейтілді. Қазір оған ағзадағы әртүрлі бұзылудың 7 сипаттамасы кіреді, олардың әрқайсысына қойылатын нақты диагностикалық талаптар бар.

«Балада аутизм белгісі бар ма, оны анықтау үшін интернеттен тегін тестті тауып, өтіп көрсеңіз болады. Яғни, ата-анаға арналған тест бар. Одан бөлек, ең қарапайым, көзге көрініп тұратын белгілері: баланың стереотипті, яғни, бір типті белгілерді қайталай беруі. Мысалы, ойыншықтарды бір линия бойымен жинап, ойнау. Көзге тіке қарамауы және өзінің есіміне реакция бермеуі. Сұқ саусағымен көрсетіп, «мынаны алып бер» деген сөзді айта алмауы. Мұның барлығы аутизм немесе аутизм спектрінің әртүрлі бұзылыстары диагнозының барын білдіруі мүмкін. Әрине, ата-ана өз бетімен диагноз қоймайды. Тек қана осы белгілерді байқай бастасаңыз, бірден дабыл қағыңыз. Педиатр және невропотолог маманға баланы алып барыңыз. Әрі қарай дәрігер тексеріп, анықтайды», - дейді балалар психологы Гүлжан Амангелдіқызы.

АУТИЗМ БЕЛГІЛЕРІ ӘРКІМДЕ ДЕ БОЛУЫ МҮМКІН

Аутизм ұғымының кеңеюінен және диагностикалық әдістердің жетілдірілуінен адамдарға бұл диагнозы жиі қойылатын болды. Бірақ бұл олар диагноз қойылғанға дейін ауырмаған дегенді білдірмейді.

«Дәрігерлерде тәжірибе мен қажетті тестілеу әдістері жеткіліксіз болды. Сондықтан, көп науқаста бұл оның белгілері анықталмай қалды. Демек, аурушаңдық статистикасының артуы жағдайлардың өскенін дәлелдемейді. Статистика көбінесе диагностикалық әдістердің жетілдірілуіне және 1970 жылдармен салыстырғанда AСБ тұжырымдамасының кеңеютілуіне байланысты артады», деп жазады Stopfake.kz.

АУТИЗМНІҢ КЕҢ ТАРАЛУЫНА НЕ СЕБЕП?

Дәрігерлер аутизмнің дамуына сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды, мысалы, экология. Мамандардың пікірінше, жүктілік кезінде ананың белгілі бір ауруы, генетикалық бейімділігі, ата-ананың қартаюы, ерте туу және бір анадан туған балалар арасында аз уақыт өтуі сияқты факторлар АСБ даму қаупін арттырады.

«Мұның бәрі әсер етуі ықтимал. Ғалымдарда аутизмнің пайда болуы мен дамуының себептері туралы нақты деректер әлі жоқ», - деп қорытынды жасалған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУТИЗМ

2023 жылғы ресми статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда аутизммен ауыратын сәбилердің (үш жасқа дейінгі балалар) саны – 1052. Ал, мектеп жасына дейінгі балалардың саны (3 жастан 5 жасқа дейін) - 4331, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 6704.

Бейресми статистикаға сенсек, жағдай бұдан да күрделі. Орегон мемлекеттік университетінің (АҚШ) аутизм институты директоры Эрик Фон Бонның сараптамалық бағалауы бойынша, Қазақстанда 59 000 балада аутизм белгілері бар.

Серіктес жаңалықтары