$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.03.2020, 20:58
Қоғам

Кірісінен айрылған азаматтарға әлеуметтік көмек төлемдерін беру жеңілдеді

Елімізде 1,5 миллиондай адам ай сайын 42 500 теңге көмек алады

Кірісінен айрылған азаматтарға әлеуметтік көмек төлемдерін беру жеңілдеді
Фото ашық дереккөзден

Төтенше жағдайға байланысты кірісінен айрылған азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде берілетін 42 500 теңгеге өтініш беру жеңілдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы төлемдер үшін жұмыс беруші ғана емес, енді жұмысшылар да өтініш бере алады деді. Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, барлығын электрондық түрде жолдауға болады. 

Қажетті құжаттардың ішінде жұмыс беруші еңбеккерлердің тізімі мен ЖСН және банктік картаның немесе ағымдағы есеп-шоттың номерін жолдаса жеткілікті. Сондай-ақ, микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен тыс енді ірі кәсіпорындардың жұмысшылары да ТЖ кезінде ай сайынғы әлеуметтік өтемақыны алуға құқылы. Одан бөлек, азаматтық құқықтық келісімшартпен жұмыс істейтін азаматтар да бұдан былай әлеуметтік төлемдер үшін құжаттар өткізе алады. 

«Кәсіпкерлерден бизнесінің тоқтағаны туралы қандайда бір құжат немесе анықтама талап етілмейді. Оның орнына жұмысшылардың тізімі мен жеке деректерін қоса жолдаса жеткілікті. Табысынан айрылған жұмысшылар басшысының өтініш бергенін күтіп отырмай, өзі де электрондық әдіспен негізгі үш құжатты жолдаса жеткілікті. Жұмыс беруші неғұрлым тыңғылықты әрі жұмысшыларының құжаттарын толқтырып берсе, төлем де есеп-шотқа тез түсетін болады», - дейді басқарма мамандары. 

Енді әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударылған төлем үш ай емес, соңғы 12 айдың ішінде бір рет аударлса да, төлем алуға құқық береді. Ал құжаттарды қарастырып, шешім қабылдау 7 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. 

Алматыда осы күнге дейін 500 жұмыс берушіден өтініш келіп түскен. 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін табысынан айрылып қалған азаматтарға ай сайын 42 500 теңге төлеп тұруға тапсырма берген еді. Алдын ала есеп бойынша, бұл көмекке шамамен 1,5 млн қазақстандық ілінеді. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, өзге де аз қамтылған топ өкілдеріне ұдайы тегін азық-түлік жеткізіліп отырады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары