Бірқатар өңірде тұман түсіп, жел тұрады
Синоптиктердің болжамы бойынша, республикамыздың басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады

«Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша 25 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Синоптиктердің болжамы бойынша, республикамыздың басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады.
«Антициклонның әсерінен еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Тек еліміздің шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр, таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады деп болжанады. Республикамыз бойынша түнде және таңертең тұман түседі, оңтүстік, шығыс өңірлерде екпінді жел тұрады деп күтіледі», - делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында түнде сынап бағаны 1-3 градусқа дейін төмендейді, түнде Ақмола облысының шығысында топырақ беті қатып, 1 градус суық болады, үсік жүреді деп күтіледі.
Қызылорда облысының орталығында, шығысында, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысында, Түркістан облысының шөлді аудандарында өрт қаупі жоғары.