Түркістан қаласының әкімі 37,3 млн теңгеге қызметтік көлік сатып алмақ
Әкімдіктегілер қымбат көліктің сатып алу себебін қолданыстағы көліктердің ескіргенімен байланыстырды

Түркістан қаласының әкімдігі бір қызметтік көлікті шамамен 37,3 млн теңгеге сатып алмақ. Ал екінші көліктің құнына 20 млн теңге бөлмек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл темір тұлпарларды әкім және орынбасарлары қызмет бабында қолданады. Бір қызығы, сатып алынатын екінші көліктің техникалық ерекшелігінде балалар орындықтарына арналған қондырғы болуы шарт деп көрсетілген.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, әкімдік аппараты алғашында шамамен 70,9 млн теңгеге (70 880 000 тг) үш автокөлік сатып алуды жоспарлап, лот жариялаған. Алайда тек оның екеуі бойынша конкурс ойнатылып, жеңімпаз ретінде бір компания анықталған. Оның бірі 37 290 000 теңгенің көлігі болса, екіншісі 19 900 000 теңге тұратын автомобиль.
Түркістан қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда тапсырыс беруші мен жеткізуші арасында келісімшарт түзілген, әзірге көліктер жеткізілмеген. Себебі жеңімпаз компания қос көлікті тапсырыс берушіге Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органында шарт тіркегеннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде жеткізіп беруі тиіс.
Әкімдікке қызметтік жаңа көліктер сатып алу қажеттілігі қолданыстағы көліктердің тозығы жетуіне байланысты туындаған екен. Ал сатып алынатын көліктердің техникалық ерекшеліктерін бекітер кезде Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы және туристік қала екені, сонымен қатар шет мемлекеттерден келетін жоғары лауазымды уәкілетті тұлғаларды тасымалдауға, халықаралық және республикалық деңгейде өтетін іс-шараларда қолданылатыны ескеріліпті.
«Қызметтік көліктер қала әкімдігінің балансында болады, оны әкім және орынбасарлары қолдана алады», - делінген мәліметте.
Лоттың техникалық ерекшеліктеріне келсек, шамамен 37,3 млн теңгеге бағаланған көлікте круиздік бақылау, Smart Key кілтсіз кіру жүйесі және қозғалтқышты түймемен іске қосу, электрлік тұрақ тежегіші (EPB), үш аймақтық климатты бақылау, жаңбыр сенсоры, жарық сенсоры, 14,5 дисплейі бар мультимедиялық жүйесі болуы керек. Бұған қоса аралас былғарыдан жасалған орындықтар, уақытша пайдалану қосалқы дөңгелегі, «ЭРА ГЛОНАСС» жедел байланыс жүйесі, алдыңғы қауіпсіздік жастықтары, алдыңғы және артқы бүйірлік қауіпсіздік жастықтары, қауіпсіздік перделері, автоматты күңгірттеу, жиналмалы және реттелетін электр жетегі бар бүйірлік артқы көрініс айналары және т.б болуы шарт.
Ал 20 млн-ға жуық теңгеге сатып алынатын көліктің техникалық ерекшеліктерінде балалар орындықтарына арналған қондырғы болуы қажет. Бұдан өзге автоматты түрде күңгірттенетін артқы көрініс салонының айнасы, электромеханикалық тұрақ тежегіші, 7 қауіпсіздік жастығы, фаралардың көлбеу бұрышын түзету, артқы тұманға қарсы шамдар, фараларды жуғыш, жарық пен жаңбыр сенсоры, шина қысымын бақылау жүйесі және т.б. болуы шарт.
Айта кетейік, екі көліктің де техникалық ерекшелігінде автомобиль маркасы нақты көрсетілмеген. Ал оның түсін шарт жасасқаннан кейін тараптар өзара шешеді.