Құрылыс салушы компанияларға алданған үлескерлер шығыны 30 млрд теңгеден асқан
Соңғы екі жылда тергеу органдары 20 қылмыстық іс қозғап, 16 адамды адамды соттаған
Қазақстанда алданған үлескерлер мәселесі – бар ақшасын жосықсыз құрылыс салушыларға сеніп тапсырып, қаражатсыз және баспанасыз қалған мыңдаған тұрғынға қатысы бар күрделі әрі ауқымды әлеуметтік құбылыс болып отыр. Үлескерлік құрылыстағы құқықтық реттеудің күшейтілгеніне қарамастан, тұрғындарды жүйелі түрде алдау фактілері әлі де тыйылар емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еnergyprom сарапшыларының айтуынша, ҚР Бас прокуратурасы соңғы екі жылда тергеу органдары жосықсыз құрылыс салушыларға қатысты 20 қылмыстық іс қозғап, 16 адам сотталғанын мәлімдеген. Бұл құрылысшылар азаматтарға жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.
«Қаржыны заңсыз жинағаны үшін 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл көлемі 250 млн теңгені құрады. Елімізде баяғыда-ақ пайдалануға берілуі тиіс, алайда құрылысы сол күйі аяқталмаған үйлер ондап саналады. Ол проблемалық нысандардың басым бөлігі елордада орналасқан», - дейді сарапшылар.
Мәселен, жыл басындағы деректер бойынша Астанада 90 нысанның құрылысы рұқсатсыз жүргізілген. Бүгінде оның 44-і ғана құрылысқа қажетті барлық рұқсатты алған, қалған 46 құрылыс нысаны бойынша ескертулер жойылып жатыр, рұқсат алу рәсімі аяқталмаған.
Жалпы, елорда әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылы 30-дан астам ұзақ мерзімді тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл – 4 мыңға жуық үлескер отбасы. Бұл үйлердің біразының құрылысы аяқталды.
«Азаматтарды хабардар ету және заңбұзушылықтардың алдын алу үшін Астана әкімдігінің ресми ресурсы мен бұқаралық ақпарат құралдарында үлескерлерден ақша тартуға құқығы жоқ құрылыс салушылардың қара тізімі жүйелі түрде жарияланып тұрады. Мұндай тізім соңғы рет биылғы 29 тамызда жарияланды, оған елордадағы 138 құрылыс салушы кірді. Бұл мәселенің ауқымдылығын көрсететін өте күрделі көрсеткіш», - дейді мамандар.
Тақырыпқа орай: Астанада құрылыс салушылар үлескерлердің 4 млрд теңгесін «жеп қойған»
Салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өту арқылы жасалған барлық мәмілелер (алдын ала брондау, брондау, инвестициялау, талаптар қүұқығын беру және т.б. келісімдердің барлық түрі) үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаусыз қалдырып отыр.
Үлескерлер қаражатын тартуға құқығы жоқ құрылыс салушылардың толық тізімін мына жерден көруге болады.