«Ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейді»: Сабильянов Абай облысындағы медицина саласы жайлы
Ол медициналық қызмет көрсетуге байланысты коэффициенттерді өзгерту қажет деп есептейді
Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Нұртай Сәбильянов Абай облысындағы медицина саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Абай облысының тұрғындары және медицина саласының қызметкерлерімен кездесулер өткізгенде денсаулық сақтау саласына қатысты мынадай мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетуге байланысты коэффициенттерді өзгерту қажет. Облыстағы жылыту коэффициенті – (1,0005), Шығыс-Қазақстан (1,0065) және Солтүстік Қазақстан (1,0079), Қарағанды (1,0063) облыстарына қарағанда төмен. Бұл облыстың климаттық жағдайына қарай ауруханаларды толықтай жылумен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді», - деді Сабильянов.
Депутат атағандай, Семей полигонынан зардап шеккен облыстағы аудандардың экологиялық коэффициенттері басқа экологиялық аймақтарға жататын өңірлермен салыстырғанда төмен.
«Мысалы, Абай облысының қалалары мен аудандарындағы экологиялық коэффициенттер Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Қызылорда облысының Арал ауданындағы, Байқоңыр қаласындағы экологиялық коэффициенттерден төмен. Бұл облыстағы медицина қызметкерлеріне тиісті үстеме ақы алуға мүмкіндік бермейді. Азаматтар ауруханаларда электрондық портал арқылы емделуі үшін кезекті, квотаны кемінде 1-2 ай күтеді. Ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Семей қаласының тұрғындары емханаларда аптасына 1 рет қабылдайтынын жеткізді. Бұл халықтың уақытылы емделуіне кедергі тудыруда. Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін аймақтағы орналасқан елді мекендердің арақашықтығын, аурулардың құрылымын, санын ескере отырып, ұлғайту керек», - деді Сабильянов.
Оның айтуынша, жедел жәрдем көліктері және санитарлық автокөліктер ескірген, оларды жаңарту және қызметкерлердің арнайы жұмыс киімін алуына тиісті қаражат бөлінуін қамтамасыз ету қажет.
«Семей ядролық полигонының салдарынан зардап шеккен азаматтардың көпшілігінде тұрақты жұмыс орны жоқ. Олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмағандықтан толық көлемде медициналық көмек ала алмай отыр. Облыстағы перинатальдық орталықтың кредиторлық борыш көлемі көбеюде, оның ғимараты ескірген және көп жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сондай-ақ Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығына қосымша ғимарат салып, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету керек», - деді Нұртай Сабильянов.
Депутат атағандай, «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесін кезең-кезеңімен қаржыландыру қарастырылған.
«Осыған орай, Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетудің жылыту, экологиялық коэффициенттерін ұлғайту; - жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін ұлғайту, жедел жәрдем қызметін дамыту; - перинатальдық орталыққа күрделі жөндеу жүргізу; - ядролық медицина және онкология орталығына қосымша ғимарат салып, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету; - Семей ядролық полигоны сынақтарының салдарынан зардап шеккен азаматтарға, облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруыңызды сұраймын», - деді ол.