Қазақстанда экспорттық-кредиттік агенттік құрылады
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев аталған заң жобасы жайлы баяндады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экспортты ілгерілету жолындағы KazakhExport базасында оған барлық қажетті құралдар шоғырланған толыққанды экспортты ілгерілету институтын құруға баса назар аударды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» мен бірлесе отырып, «Экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлар экспортын жылжыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен бірге әзірледі», - деді ол.
Төребаевтың айтуынша, заң жобасы сақтандыруға және қайта сақтандыруға арналған лицензиясыз әрекет ететін, ЭКА аясында шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау және дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік беретін экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған.
«Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жобасының тұжырымдамасын мақұлдады. Ресей, Венгрия, Австралия және Үндістандағы Экспорттық-кредиттік агенттік қызметінің халықаралық тәжірибесіне талдау жүргізілді, ол ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті. ЭКА құру барысында аналогты үлгіде нақты функцияларды, мысалы, сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру, уағдаласылған салымдар, субсидиялау, яғни өзге компаниялардың функцияларымен қайталанбайтын функцияларды қарастыру ұсынылады», - деді ол.
Ол ЭКА жұмысынан қандай нәтиже күтілетінін айтты.
«Біріншіден, 2025 жылға орай 41 млрд АҚШ долларына дейін шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің өсуі туралы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы индикаторына қол жеткізу. Екіншіден, экспорттаушыларды қолдау бойынша маңызды функцияларды иеленетін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған елдерінің тәжірибесі бойынша Қазақстанда алғаш рет заманауи экспорттық-кредиттік агенттік құру. Үшіншіден, операциялық қызметке араласпастан, Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауында болу механизмдерін құру. Нәтижесінде жалпы ел экономикасын дамытуға, экспорттау географиясын кеңейтуге, халықаралық ынтымақтастыққа, өнімді сату есебінен республикалық бюджетті толтыруға және салықтарды төлеуге, ЭКА қолдау тапқан экспорттаушылармен жаңа жұмыс орындарын құруға және т.б. елеулі түрде үлестер қосады», - деді ол.
Министрдің міндетін атқарушы атағандай, 11 заңнамалық актілерге түзетулер енгізу ұсынылады, оның ішінде Заң жобасы аясында «10 заңнамалық актіге және Ұлттық экономика министрлігімен әзірленетін Салық кодексіне өзгертулер және толықтырулар енгізу туралы арнайы заң жобасы арқылы осы кодекске түзету енгізу ұсынылады.
«Атап айтқанда, заң жобасымен «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңында ЭКА құқықтық мәртебеін көздеу ұсынылады, яғни шикізаттық емес экспортты дамыту және жылжыту саласында ұлттық институт мәртебесін иеленетін, ҚР Үкіметінің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға ұғымы түсіндіріледі», - деді ол.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ