ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 67 адамнан коронавирус анықталды

Халықтың көңілін көтергім келді – беташарда «Коронавирус» әнін орындаған асаба

Беташар Тараз қаласында болған

«Azattyq Ryhy» агенттігі әлеуметтік желіде беташарда коронавирус туралы ән айтып, елді билеткен асабаның кім екенін анықтады.

Бізбен телефон арқылы тілдескен жамбылдық Ерболат Нарбек 2020 жылдың 24 наурыз күні Тараз қаласының «Массив көктем» шағын ауданынан беташар рәсіміне шақырту алған.

«Марат ағамыз (Омаров –авт.) бір сұхбатында халықтың көңілін көтеру үшін сол әнді жазған болатынмын деп айтты ғой. Мен де сол елдің көңілін көтеру мақсатында орындадым. Ямахада сүйемелдеп тұрдық. Қонақтар жақсы қабылдады. Беташар соңында да халыққа бұл әнмен беташарды келеке ету үшін емес, осындай уақытта көңіл түспесін, еңсе түспесін, вирусты бірге жеңіп шығамыз деген ниетпен орындағанымды түсіндірдім», - деді асаба сұхбатында.

Ерболаттың сөзінше, ол қуаныш иелеріне ел аумағында төтенше жағдай жарияланғанын ескерткен. Сондықтан беташарға 30 адам ғана жиналып, қонақтар 15-20 минутта тарқасыпты.

«Беташарды далада жасады. Дастархан жайылып, тамақ берілген жоқ. Тез-тез бет ашып, қайттық. Адамдар әлеуметтік желіде басқаша мазмұнмен таратып жатыр. Бұлай болады деп ойламадым. Әнді бірінші рет айтып тұрмын, теріс мақсатым да болған жоқ», - деп түсіндірді Е.Нарбек.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар «Коронавирус» әнін тойда шырқап, билеп жүр

Еске салсақ, Қазақстанда 16  наурызда коронавирустың алдын алу үшін төтенше жағдай жарияланды. ТЖ жөніндегі Үкіметтік комиссия ел аумағында іс-шараларда 50 адамнан көп жиналмау керектігі туралы шешім қабылдаған. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көшеде 3 адамнан артық топтасып жүруге болмайды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан