ІІМ-де биыл терроризм бойынша қанша адам сотталғанын айтты
8 айда 52 қылмыстық іс тіркелген
ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бірінші басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев терроризм бойынша сотталғандар жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстармен қарсы күресуге барлық мүмкіндігі бар, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. 90 пайыздан астамы «ізі суымай» кезекші тәулікте ашылды», - деді ол.
Талқанбаев атағандай, соңғы он жылда осы санаттағы қылмыс едәуір азайды.
«2011 жылы 123 факті тіркелген болса, былтыр 50 факті тіркелген. Биыл 8 ай ішінде 52 қылмыстық іс тіркелді, оның 28-і сотқа жолданды. Қазіргі уақытта 16 адамға қатысты үкім шығарылды, оның ішінде 5-еуі бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, 8 адамның бас бостандығына шектеу қойылды, 2 азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды, 1 кәмелетке толмаған балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды», - деді Алмас Талқанбаев.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ