Ғани Бейсембаев оқушылар буллингтен қалай қорғалатынын айтты
Білім ұйымдарында арнайы бағдарлама енгізілмек
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының Жолдауындағы кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жазаны күшейту бастамасы жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Қазір де мектептерде тәрбие мен қауіпсіздік бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ сол жұмыстарды күшейту керек. Мемлекет басшысы қауіпсіздік ортаны құру жайлы айтты. Балаларға қатысты буллинг пен зорлық-зомбылықты жоюды тапсырды. Осы бағытта біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Әсіресе, Финляндия тәжірибесіне баса назар аударылды. Qiwi бағдарламасы арқылы олар 10 жылда мектептердегі буллингті азайтуға мүмкіндік берді», - деді Бейсембаев.
Ол атағандай, қазір бұл бағдарламаны ел мектептерінде енгізу қарастырылып жатыр.
«Білім беру саласына осы бағдарламаны енгізу арқылы мектептердегі буллингті азайту көзделіп отыр. Білім беру ұйымдарында буллингті азайтып, қауіпсіз орта қалыптастыру қарастырылған», - деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасаушыларға жазаны күшейту керегін айтты.
«Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», - деді ол.
Авторы: Аягөз Құрмаш