Жалақы мөлшері, әлеуметтік қолдау және экономиканың тиімділігі: Қошанов Жолдау жайлы
Мәжіліс спикері Жолдаудағы маңызды бастамаларды атады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы маңызды бастамаларды атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Экономиканы трансформациялау, азаматтардың тұрмысын жақсарту бойынша ауқымды міндеттер қойылды. Біз кеше ғана өңірлерді аралап келдік. Сондықтан халықты толғандырып отырған мәселелерді жақсы білеміз. Ол – әр отбасының берекелі өмір сүруі, тұрақты жұмыс, лайықты жалақы, балалардың амандығы мен қауіпсіздігі. Ең бастысы – еліміздегі тыныштық, бейбітшілік пен тұрақтылық. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де мәселелердің бәріне нақты жауап берді. Президент азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты назарында екенін тағы да айқын көрсетті. Мәселен, келер жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара 1,8 миллион адамды қамтиды. Оның 350 мыңы – бюджет саласының қызметкерлері», - деді ол.
Қошанов атағандай, Президент зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау туралы тапсырма берілді.
«Мұны мемлекет қамқорлығының нақты мысалы дер едім. Бұл мәселе сайлаушыларымыздың тарапынан талай рет көтеріліп, көптен бері шешімін таппай келеді. Тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатуда. Соңғы кездері бұл әлеуметтік шиеленістің негізгі себебінің біріне айналып келеді. Бүгінде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды», - деді ол.
Қошанов атағандай, халықтың тұрмыс сапасы экономикалық өсімге тікелей қатысты.
«Ал жаңа экономикалық серпіліс жасау үшін мемлекетімізде мүмкіндік мол. Мұны Президентіміз ерекше атап өтті. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда елдің бүкіл экономикалық моделін қайта қарауды талап ететін ауқымды міндет. Біздің экономикамыз тиімді болуы керек. Осы жолда еліміздің барлық артықшылығы мен мүмкіндігін дұрыс пайдалануға тиіспіз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне ерекше назар аударды. Кейбір өңірде «коммуналдық коллапс» болғанын бәріміз де көрдік. Тұрғындар жылу, су, электр жарығынсыз қалды. Бұл – ауқымды мәселелер. Және көп әрі ұзақмерзімді инвестицияны қажет ететін мәселелер. Осы орайда Жолдауда инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту міндеті жүктелді», - деді Қошанов.