Тамара Дүйсенова астанаға келушілердің санын шектеу жайлы айтты
Ол мұны қалада қажетті инфрақұрылым шектеулі екенімен түсіндірді
Премьер-министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елордаға келушілер санын реттеу жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазір Астана қаласында 1 млн-нан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Бүгінде қала халқының саны 1 млн-нан асты. Жастар оқуға келіп жатыр. (Қалада) жұмыс орындары ашылуда. Елордадағы бүгінгі инфрақұрылым халыққа (тиісті жағдай жасауға – автор) мүмкіндік бермей жатыр. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда ашуға болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді», - деді ол.
Министр атағандай, қазір (заң жобасын) елорда әкімдігі дайындап жатыр.
«Оқуға келгендер, жұмыс істеуге келгендер бар. Мысалы, жұмыс берушілер оларды жұмысқа шақырып, үймен немесе жатақханамен қамтамасыз етсе, (Астанаға келуге – автор) шектеу болмайды. Қарсылық болмайды. Сіз Астанаға келіп, емделгіңіз, серуендегіңіз келсе, ешқандай қарсылық жоқ. Қайталап айтамын, егер жұмысы болып, оған қажетті жағдай жасалса, оған ешқандай кедергі болмайды», - деді Дүйсенова.
Авторы: Аягөз Құрмаш