Студенттер маусымы: мамандар жалдамалы пәтердің бағасы қаншаға қымбаттайтынын айтты
Сарапшылар пәтерақы 10-15 пайызға қымбаттайтынын болжам отыр
Елімізде жыл сайын қыркүйек айында жалдамалы пәтер нарығында әдеттегідей дүрбелең басталады. Себебі ірі қалаларға өңірлерден оқуға түскен студенттер ағылады. Ал елдегі жатақхана тапшылығы әлі күнге дейін толыққанды шешілмей отыр. Жыл сайын арман қуып оқуға түскен студенттерге жатақхаланаларда орын тапшы болады. Сарапшылар биыл жалдамалы пәтер нарығында қандай өзгеріс болатынын болжады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«БАҒА СҰРАНЫСҚА ҚАРАЙ РЕТТЕЛЕДІ»
Астанадағы пәтердің ақысы ауданның орталықтан алыстығына қарай әртүрлі. Мысалы, Байқоңыр ауданынан 100 мың теңгеге 1 бөлмелі пәтер жалдай аласыз. Есіл ауданынан 1 бөлмелі пәтерді 160-180 мыңға табуға болады. Ал тұрғын үйдің санатына қарай 1 бөлмелі пәтерлер 250 мың теңгеге дейін жалға беріледі.
Астанаға оқуға Петропавл қаласынан келген студент Ершат Мансұр пәтер жалдаудың машақаты жайлы айтып берді.
«Мен Астанаға оқуға түскенімнің себебі – елорда жаңа мүмкіндіктер қаласы. Петропавл өңірлік қала болғандықтан қымбатшылық Астанада әлдеқайда сезіледі. Әсіресе, азық-түліктің бағасы қымбат екен. Пәтерді «Крыша» сайтынан іздеп таптық. 1 бөлмелі пәтерді 120 мың теңгеге де табуға болатын еді. Алайда олардың жағдайы сын көтермеді. Сондықтан жайлы, жақсы пәтерді оң жағалаудан 160 мың теңгеге таптық. Пәтер иесі бізбен келісімшарт орнатпады», - дейді ол.
Қазақстанның біріккен риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың айтуынша, тамызда жалдамалы пәтердің ақысы өзекті бола түседі, себебі қыркүйекте студенттердің келу маусымы басталады.
«Жылжымалы мүлік нарығындағы ең басты рөл ойнайтын фактор ол – локация. Бір және екі бөлмелі пәтерлердің жалдамалы ақысын айту үшін олар қай ауданда орналасқанын білу керек. Мысалы, студенттер Алматының орталығында орналасқан тұрғын үйлерден пәтер іздесе, баға айтарлықтай жоғары болады. Ал пәтер қаланың шеткі ауданында орналасса, баға сәйкесінше төменірек болады. Пәтердің бағасы бірқатар факторға байланысты өзгереді. Олар өте көп. Ол: нысанның орналасуы, тұрғын үйдің салыну мерзімі, қабаты мен шаршы метрі, жағдайы. Пәтер іздейтін студенттер де әртүрлі ауданнан іздейді», - деді Лукьяненко.
Оның айтуынша, баға сұранысқа қарай реттеледі.
«Қазір жалдамалы пәтерге деген сұраныс артып келеді. Бұл жыл сайын болатын үрдіс. Көптеген жоғары оқу орны студенттерді жатақханамен қамти алмай жатады. Сондықтан бұл жыл сайын қайталанатын дәстүр деуге болады. Оны пәтер жалдаушы да, пәтерді жалға беруші де біледі. Жақын арада жалдамалы пәтер ақысы 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін. Қазір тамызда пәтер ақысы қымбаттады, бірақ қазанда ол арзандайды деген сөз емес. Себебі оқуға келетін студенттер мамыр айына дейін келеді. Олар ай сайын емес, ұзақ мерзімге пәтер жалдайды», - дейді маман.
Нина Лукьяненконың сөзінше, пәтер жалдаушы пәтердің иесімен келісімшарт жасасуы керек.
«Пәтер жалдаушылар осы тұста қателік жібереді. Олар пәтердің барлық құжаттарын сұрап, иесінің жеке куәлігін сұрамайды. Пәтердің құжаттарын тексеру иесінің жеке куәлігін қараудан бастауы керек. Кез келген келісімшарт жазбаша түрде жасалуы керек. Оның заңдық күші болады. Нотариалды түрде бекітілмеген құжат болса да, оның күші бар. Қазір көптеген компания өзін риелтор деп таныстырады. Жалға алушылар пәтердің арзан бағасына алданып, ақпараттық компаниялардың айласына түседі. Олар пәтер иелерінің байланыс нөмірлерін береді. Қалғанына олар жауап бере алмайды. Сондықтар пәтер жалдаушылар осындай дүниеге ұрынбағаны абзал», - деді ол.
ЖАТАҚХАНА ТАПШЫЛЫҒЫ ДӘСТҮРІ
Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, студенттердің үлкен қалаларға оралуы нарықтағы жалдамалы пәтердің ақысына әсер етпей қоймайды.
«Қазірдің өзінде тіпті қонақ үйлерде орын жоқ. Ертең студенттер келетін болса тағы да қиындықтарға тап болатыны сөзсіз. Бұл жерде жауапты министрлік пен әкімдік тарапынан қандай әрекеттер жасалып жатқаны өте маңызды. Егер келетін студенттер санына қарай ыңғайлап жатын орындар жоспарланып қойса, онда белгілі бір дәрежеде баға өсімі қатты болмайды деуге негіз бар. Ал мұндай шаралар жүзеге асырылмаса, жалдамалы пәтердің қымбаттауына алып келеді», - деді Мақсат Халық.
Еліміздегі ірі қалаларда жатақхана орындарының жетіспеушілігі жыл сайын туындайтын мәселе.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл жатақхана тапшылығы шамамен 19 мың орын болып отыр. Оның ішінде 13 мыңы Алматы қаласы бойынша, Астанада 2200 орын, СҚО-да 2318 орын, Абай облысында 1100 орын, Түркістан облысында 987 орын тапшы болып отыр.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, биыл 10 949 орынға арналған 37 жатақхананың тізімі айқындалған.
Қазіргі уақытта 1 500 орындық 4 жатақхана дайын. Сонымен қатар, 496 орындық 3 жатақхана дайындығы 90 пайыздан асады.
Сондай-ақ Алматының жоғары оқу орындары хостелдермен келісімшарт жасасып жатыр. Мәселен, 59 хостелмен 10 мың орынға келісім жасалған екен.
Алматыда білім алатын 250 мыңнан астам студенттің 70 пайызы өзге өңірлерден келген. Биыл тағы 38 мың грант иегері мегаполистегі ЖОО-ны таңдаған.
Алайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл бірде-бір студент жатақханасыз қалмауы керек деп отыр.
«Қазіргі уақытта басты назарды студенттерді, әсіресе бірінші курс студенттерін баспанамен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуге аудару керек, өйткені олар үшін өмірдің мүлдем жаңа кезеңі басталады. Жаңа оқу жылында бірде-бір студент жатақханасыз қалмауы керек. Жайлы тұрғын үй барлық азаматтар үшін, әсіресе өз үйінен жырақта жүрген жастар үшін маңызды. Біздің міндетіміз – әр студенттің басқа мәселелерге алаңдамай, өз оқуына көңіл бөлуіне жағдай жасау. Жаңа оқу жылында бірде-бір студент баспанасыз қалмауы үшін инвестиция тартып, тиімді бағдарламалар әзірлеуге күш саламыз. Бірлескен күш-жігер арқылы біз жастарымыздың дамуына және алға қойған мақсаттарына жетуіне лайықты жағдай жасай алатынымызға сенімдімін», - деді Саясат Нұрбек.
«ПӘТЕРДІҢ АҚЫСЫНЫҢ ӨСУІ– РЕЛОКАНТТАРДЫҢ КЕЛУІ»
Мамандардың айтуынша, елімізге релоканттардың келуі де пәтер ақысына әсер етеді. Мәселен, былтыр көрші елде мобилизация кезінде қазақстандықтар жалдамалы пәтер ақысын жаппай көтеріп жібергеніне куә болдық. Ол кезеңде пәтердің ақысын студенттердің қалтасы көтермей, көше аралап кеткен еді.
Нина Лукьяненко атағандай, релоканттар келген кезде пәтердің ақысы бірден шарықтап кетті.
«Бұл барлық қалада байқалды. Ең алдымен шекаралық қалаларда баға бойынша жағдай ушықты. Бұл жерде ақпараттық қысым өте қатты әсер етті. Себебі пәтердің жалдамалы бағасы нарықтағы сұраныстан әлдеқайда басқа болды. Бұл оқиға қысқамерзімді әсерге ие болды. Себебі біздің елімізге келген релоканттар заң бойынша 90 күннен артық тұра алмады. Осы кезеңде жалға берілмеген пәтерлердің ақысы шарықтап кетті. Ал ол оқиға кезінде келісімшарты бар тұрғындарға ол баға әсер етпеді. Сондықтан пәтердің иесімен келісімшарт орнату осындай жағдайлар үшін қажет. Ал келісімшарт жасаспаған тұрғындарға пәтер иесі бағаның қымбаттайтыны жайлы хабарлады. Бұл жағдай кезінде қай жерде сұраныс көп болды, сол қалада пәтердің ақысы қымбаттады», - деді ол.