2024 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы мөлшері өседі
Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды
Қаржы министрлігі дайындаған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында зейнетақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен АЕК көлемі көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Заң жобасына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендегідей сома жоспарланып отыр:
- ең төменгі жалақы – 70 000 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге;
- ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге;
- айлық есептік көрсеткіш – 3692 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге.
Сондай-ақ жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдері 9,0%-ға арттырылуы мүмкін.
Сонымен қатар құжатта 2024 жылға арналған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мемлекеттік жарналардың мөлшері белгіленген. Ол мемлекеттік жарналарды есептеу объектісінің 1,9%-ын құрайды.
«Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленді», - делінген құжатта.