Қарағандыдағы көмір шахтасында зардап шеккендердің екеуі жансақтау бөлімінде жатыр
6 адам токсикология бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы орташа ауыр
Бүгін Қарағанды облысындағы көмір шахтасындағы өрт кезінде зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған 8 адамның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстың денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
«Мақажанов атындағы клиникаға 8 шахтер жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, есін біледі, алайда, жағдайлары ауыр десе болады. 6 адам токсикология бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы орташа ауыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Айта кетейік, бүгін, 17 тамыз күні сағат 10:05-те «Қазақстан» шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді. Апатты жою жоспары енгізіліп, шахтаны желдету жүргізілді.
Оқиға орнына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық орталық штабының (15 маманы мен 5 техникасы) және Төтенше жағдайлар департаментінің (8 маманы мен 2 техникасы) 3 бөлімшесі барды.