«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы балаларды мектепке дайындауда
Әлеуметтік осал санаттағы алматылық оқушыларға көмек көрсетілуде.
«AMANAT» партиясының бастамасымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Баланы мектепке дайындайық!» дәстүрлі жалпыреспубликалық акциясы өткізілуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Акцияның мақсаты көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау арқылы қамқорлық силау болып табылады. Еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келетін бұл игі шара биыл да өз жалғасын табуда. Әлеуметтік осал санаттағы алматылық оқушыларға қоғам мен меценаттарды тарта отырып дәстүрімізді жалғастырып, көмек көрсетілуде.
Осы орайда, 16 тамыз күні «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Баланы мектепке дайындайық!» дәстүрлі жалпыреспубликалық акциясын өткізді.
Бүгін қайырымдылық акция барысында «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Станислав Канкуров пен «Keruen-Medicus» бас директоры, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Шалбаева мұқтаж 30 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтарды тапсыра отырып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
«2010 жылдан бастау алған акция аясында жыл сайын партия тарапынан 2 мыңнан астам балаларға көмек көрсетеміз. Биыл да осы жоспарды орындау ниетіміз бар», – деп «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров атап өтті.
Бұл акция тамыз айының 14-нен басталып айдың соңына дейін партия белсенділері, Алматы қ. мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшелерінің атсалысуымен жалғасады.