Талдықорғанда ЖШС басшылары 162 млн теңге жымқырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Олар тапсырыс берушіге жұмыс істемейтін бағдарламалық өнімді жеткізген
Талдықорғанда «ПИК» қызметін автоматтандырудың бағдарламалық қамтамасыз етуін енгізуді іске асыру кезінде алдау жолымен ұрлық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді облыстық ҰҚКД-мен бірлесіп, ҚМА Жетісу облысы бойынша департаменті аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Анықталғандай, үш ЖШС «Талдықорған қаласының ақпараттық-талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен 162 млн теңге сомасына «ПИК» қызметін автоматтандырудың бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін сатып алуға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны анықталды.
Бағдарлама басқару органдарының (ПИК) қызметін автоматтандыруға, басқарушы компаниялардың қызметін және қаланың тұрғын үй қорының жай-күйін бақылау бойынша әкімдіктің міндеттерін шешуге, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарына қатысушылардың өзара іс-қимылына арналған.
«Алайда, олар жұмыс істемейтін бағдарламалық өнімді жеткізген, осылайша коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлерін алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген 162 млн теңге залал сомасы толық өтелді. Сот үкімімен үш ЖШС басшылары кінәлі деп танылды, оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру мен орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу түріндегі жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.