«Әйел есін жимастан көз жұмды»: Шымкентте анасы мен қызын қағып кеткен полицей қамауға алынды
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр
Шымкентте екі жаяу жүргіншіні қаққан полиция қызметкері қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
3 тамыз күні Байтұрсынов көшесінің бойында Тұран АПБ-ның жүргізуші-полицейі жаяу жүргіншілер өткелінде екі адамды қағып, жол апатын жасады.
Салдарынан анасы мен қызы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 7 тамыз күні әйел жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды.
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Сондай-ақ қызметтік тексеру нәтижесінде тәртіп сақшысы Ішкі істер органдарынан босатылды. Қазір ол УҰИ-ға қамалды.
Қылмыстық іс материалдары айыптау актісімен бірге сотқа жолданады.
Айта кетейік, тергеу барысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Далбековтің қатаң бақылауында.