Қыркүйектен бастап балабақша педагогтерінің жалақысы 30 пайызға дейін өседі
Тәрбиешілердің жалақысы соңғы 4 жылда кезең-кезеңімен 25 пайызға дейін артқан
Қыркүйектен бастап балабақша педагогтерінің жалақысы 30 пайызға дейін өседі. Бұл жайлы Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Тәрбиешілердің жалақысы соңғы 4 жылда кезең-кезеңімен 25 пайызға дейін артқан. Енді жаңа оқу жылынан бастап 98 мың педагогтің еңбекақысы тағы 2,5 есе көтеріледі. Сонымен бірге, биыл 20 мыңнан аса тәрбиеші біліктілікті арттыру курсынан өтеді.
«Бұл арқылы саладағы кадр тапшылығы мәселесін жоямыз деп сенеміз.Сондай-ақ, балабақшаға кезекке тұруға арналған бірыңғай жаңа база құрылады. Бұл қызметтің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейін біршама азайтады», - деді ҚР ОАМ Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева.