«Жастарға жұмыс»: 2027 жылға дейін 1,5 млн жасты жұмыспен қамту көзделген
Шымкентте «Мүмкіндіктер алаңы» және «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды
«AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде ірі жұмыс беруші компаниялардың қатысуымен ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуде. Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек биыл 300 мың жұмыссыз жасты жұмыспен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ететін орталықтар құрылатынын айтқан болатын. Осылайша, партия жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жүйелі түрде шешеді. Жалпы, сайлауалды бағдарламада 2027 жылға дейін 1,5 млн жасты жұмыспен қамту көзделген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» белсенділері мен Жастар ресурстық орталығы КММ-і бірлесіп, «Авто-нұр» базарында «Мүмкіндіктер алаңы» және «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
NEET санатындағы жастар үлесін азайту мен мемлекеттік бағдарламаларды жастарға насихаттау мақсатында өткен жәрмеңкеге «Еңбек» мобильді орталығы, шағын несие гранттары, тұрғын үй және «Отбасы банк» орталығының қызметкерлері қатысты.
Шарада жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыс, алғашқы бос жұмыс орын бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде толықққанды мағлұматтар беріліп, ақпараттық кітапшалар таратылды.
«Жұмыс орындарына негізінен жас мамандар керек. Себебі қазіргі жастардың ойлауы, өмірге, қоғамға деген көзқарасы жаңаша. Біздің тараптан қойылатын негізгі талап – жұмысқа деген ынтасы болуы керек. Ал қалғанын өзіміз үйретіп, оның кәсіби маман болып қалыптасуына көмектесеміз. Кез келген адам маман болып тумайды, уақыт өте келе жетіліп, өз ісінің шеберіне айналады», - деді жұмыс беруші «Бадам» ЖШС тігін фабрикасының директоры Гүлзада Нұржанова.
Базар орталығында өткен жәрмеңкеге 40-тан аса жас қатысып, 5 жас Еңбек мобильді орталығына тұрғылықты мекенжайы бойынша жолдама алды.