$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.08.2023, 11:17
Қоғам

Қазақстан мен Ауғанстан ынтымақтастықты күшейтуге ниетті

Екі ел сауда және білім саласын дамытуды нығайтады

Қазақстан мен Ауғанстан ынтымақтастықты күшейтуге ниетті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Алхадж Нұриддин Азизи ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Серік Жұманғарин сәуір айында Кабулға сапары кезінде тараптар елдер арасындағы тауар айналымының көлемін $1 млрд-тан $3 млрд-қа дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті.

«Ауғанстанға жөнелтілетін қазақстандық экспорттың 90%-ы өңделген өнім. Қазірдің өзінде біз сауда номенклатурасының кеңейгенін байқаймыз. Ұн мен бидай сияқты дәстүрлі өнімдерден басқа отандық металды, минералды тыңайтқыштарды, бидай мен зығырды жеткізу басталды. Қазақстандық компаниялардың Кабулға соңғы сапарының қорытындысы бойынша біздің энергетикалық сусындарымыз, ұн өнімдері, минералды тыңайтқыштардың алғашқы жөнелтілімі болды, күнбағыс майына да қызығушылық бар. Ауғанстаннан импортта ауылшаруашылық өнімдерімен қатар тоқыма бұйымдары пайда болды. Белсенділік танытатын жұмыс бағытымыз бар», — деді Серік Жұманғарин.

Ынтымақтастықты жандандыру үшін ауған тарапына Герат қаласындағы Қазақстанның сауда үйінің әлеуетін пайдалану және Қазақстанда өзінің сауда өкілдігін ашу ұсынылды.

 

Кездесуге қатысушылар қолданыстағы сауда жолдарын дамыту, Ауғанстан және оның аумағы арқылы тауарларды жеткізудің баламалы бағыттарын құру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, бүгінде Өзбекстан территориясы бойынша Галаба станциясы арқылы Ауғанстанға астық пен ұн тасымалдау кезінде теміржол тарифіне 20% жеңілдік қолданылады. Бұл ретте, қолданыстағы жеңілдікті ескере отырып, қазақстандық астық жүктерін Өзбекстан аумағы бойынша Ауғанстан мен Тәжікстан бағытында тасымалдауға арналған тарифтер айтарлықтай жоғары болып табылады.

«Ауғанстанға тауарларымыздың экспортын ұлғайту үшін біз Түркіменстан аумағы арқылы баламалы және неғұрлым тиімді бағытты пысықтап жатырмыз. Біздің теміржол компаниямыз Тургундидің түрікмен-ауған өткелі арқылы Түркіменстан аумағы бойынша транзиттік тарифке қолда бар 30%-ға 10% мөлшерінде қосымша жеңілдіктер беру мәселесін пысықтады», — деп жалғастырды Серік Жұманғарин.

Қазіргі уақытта Трансауған бағытында жүктерді тасымалдау режимі жеңілдетілді. Алайда осы бағытты пайдаланудың проблемалық аспектілерінің бірі – сусымалы жүктерді тасымалдаудың жоғары құны. Осы бағыт бойынша жеткізілім көлемін ұлғайтудың өзара пайдасын ескере отырып, кездесуде қазақстандық тарап ауған тарапынан қазақстандық сусымалы жүктерге тарифтерді $200 дейін төмендету мәселесін қарастыруды сұрады.

Қазақстан отандық компаниялардың Ауғанстанда, әсіресе көлік, тау-кен, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын басқа да экономикалық жобаларға қатысуын қарастыруда. Атап айтқанда, биыл сәуір айында қазақстандық делегацияның Кабулға сапарынан кейін «Қазақтелеком» АҚ Ауғанстанға коммерциялық негізде талшықты-оптикалық интернетті жеткізуге ауған тарапымен келісімшартқа қол қойды.

Қазақстан мен Ауғанстан білім беру бағытында да ынтымақтасады. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ауғанстанның 130 студенті білім алуда. Жыл сайын оқуға 30 адам қабылданады. Серік Жұманғарин қызығушылық танытқан жағдайда Қазақстанда Ауғанстаннан келген студенттердің санын көбейтуді ұсынды.

Айта кетейік,  2005 жылдан бастап Ауғанстаннан Қазақстан экономикасына инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен $11,7 млн құрады. Қазақстан аумағында 52 бірлескен кәсіпорын, басым бөлігі сауда саласында жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары