Шұғыл67 мыңнан астам адамға 42 500 теңгеден тағайындалды

Коронавирусқа қарсы вакцина қолданысқа ену үшін 1 жыл керек

Жаңа вакцина түрлі елдерде сынақтан өтіп жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде COVID-19 коронавирусына қарсы 20-ға жуық вакцина әзірленіп жатқанын хабарлады. Жұқпалы дерттің емін бірнеше ел қатар іздеу үстінде.

Зерттеу жүргізіп жатқандардың ішінде әлемдік ірі фармацевтикалық холдингтер мен Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті, Франциядағы Луи Пастер институты бар. Біразы адамдарға сынама жасап та үлгерді. Дегенмен вирусқа қарсы нақты қайсысын қолдануға болатыны әзірге белгісіз.

СИЭТЛДЕ СЫНАМА СӘТТІ ӨТТІ

Денсаулық сақтау саласындағы мамандар вакциналармен сынама өткізіп, қауіпсіз, тиімді екендігін дәлелдеп, емге кірісу үшін 1 жылдан аса уақыт керектігін алға тартады. COVID-19-ға қарсы сынақтан өтіп жатқан вакциналар туралы ақпарат көп.

Соңғы күндері АҚШ-тың бірнеше қаласында коронавирусқа қарсы вакцинаны еріктілерге салып көріп жатыр. BBC ақпараттық агенттігінің жазуынша, Сан-Диегодағы Inovio орталығындағы зерттеу бірнеше айда аяқталуы тиіс. Алайда, тәжірибе сәтті жүзеге асқанның өзінде, вакцинаны ем үшін келер жылдың ортасында ғана қолдануға болады.

Оның алдында Бостон қаласындағы Массачусетс орталық ауруханасы да вакцинаны үш еріктіге сынап көргенін хабарлаған. Ал, Сиэтлдағы Kaiser Permanente зерттеу орталығы төрт адамға екпе салған. mRNA-1273 деп аталатын бұл вакцина адамдарға клиникалық сынама жүргізу фазасына жеткендердің алғашқысы болып отыр.

БРИТАНИЯ СЫНАҚҚА КЕЛІСКЕНДЕРГЕ 3500 ФУНТ БЕРДІ

Ұлыбританияда hVIVO инновациялық орталығына вакцина ойлап табуға көмектесу үшін 20 мың ерікті вирус жұқтыруға келісім берген. Бірақ оларға әлі COVID-19-дың емі табылмағандықтан, соған ұқсас вирусты пайдаланады. Экспериментке қатысқандарға 3500 фунт (1,8 млн теңге) сыйақы береді.

РЕСЕЙ ТАМЫЗҒА ДЕЙІН ВАКЦИНА ТАБУҒА ТЫРЫСАДЫ

20 наурыз күні Ресейдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізетін Роспотребнадзор федералдық қызметі жаңа коронавирусқа қарсы вакцинамен сынама жасауды бастағанын хабарлады. Лабораториялық тәжірибелер қазір егеуқұйрық, тышқан, күзен сияқты жануарларға жүргізулуде. Зерттеу оң нәтиже берсе, Ресейдің вакцинасы осы жылдың тамыз айында қолданысқа енгізілуі мүмкін.

ҚЫТАЙ СЫНАҚҚА РҰҚСАТ БЕРДІ

БАҚ-та 16 наурызда Қытай билігі COVID-19-ға қарсы жасалған вакцинамен адамдарға клиникалық сынама жасауға рұқсат бергені жазылды. Әскери-медициналық академияның дәрігері бастаған зерттеу тобы қаңтар айынан бері Ухань қаласында жұмыс істеген. Қытайда бұдан да бөлек жекелеген институттар вакцина әзірлеумен белсенді айналысуда.

ҰЛТТЫҚ БИОТЕХНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНАН ҮМІТ БАР МА?

Қазақстан да коронавирусқа қарсы вакцина табуға әрекеттену үстінде. Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлескен жұмысқа 20 наурыз күні кіріскендерін хабарлады.

«Вакцинаны әзірлеу бағдарламасы шеңберінде ең озық биотехнологиялық және гендік-инженерлік әдістерді пайдаланып, 5 кандидаттық вакцина жасалады. Мұндай технологияларды әлемдегі вакцина өндіру саласындағы көшбасшы кәсіпорындар пайдаланады. Кандидаттық вакциналардың бес түрінен клиникалық сынақтар жүргізу үшін неғұрлым тиімді және технологиялық вакцина таңдалады», - деп жазды олар бірлескен мәлімдемеде.

Еске салсақ, СОVID-19 инфекциясы 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан тарады. ДДСҰ 12 наурызда коронавирусты пандемия деп жариялады. Бүгін әлем бойынша індетті жұқтырғандар саны 277 мыңнан, қайтыс болғандар саны – 11 мыңнан асады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Сұхбат
Ешқандай әскери дайындықта болмаған азаматтар шақырылып жатқан жоқ
Карантинде отырған азаматтарға психолог кеңесі
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат