ШұғылЛицензиясынан айырылған Tengri Bank салымшыларының кепілдік өтемі қайтарыла бастады

Алматыда коммуналдық төлемдердің барлық түрі кейінге қалдырылды

Екі айдың төлемақысын жыл соңына дейін өсімпұлсыз жабуға рұқсат

Алматы әкімдігі коммуналдық қызметтердің барлық түрі бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы келісімге келді. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев өзінің Facebook-парақшасында жазды.

«Қиын жағдайға тап болған алматылықтарды қолдау үшін монополистермен лифт пен қоқысты шығаруды қоса алғанда, барлық коммуналдық қызметтер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы келісімге келдік. Наурыз және сәуір айларына келген түбіртектерді жыл соңына дейін төлеуге болады. Бұл ретте кешіктіргені үшін өсімақы мен айыппұл есептелмейді. Сондай-ақ, карантин кезінде қызмет көрсетушілер электр, су, жылу, газ және телефон байланысында қарызы бар тұтынушыларды ажыратпайды», - делінген жазбада.

Алматыда карантиге байланысты көптеген бизнес субьект жұмысын тоқтатты. Әкім бұл осыған орай қолданылған шара екенін жазды.

«Алматыда коронавирустың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін қатаң шектеу шараларының қажеттігі туындады. Сауда орталықтарының, киім-кешек базарлардың, мектептер мен балабақшалардың, кафелердің, түрлі салондардың және басқа да қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді. Біраз жұрт ақысыз еңбек демалысына кетуге, енді бірі қысқартуға ілікті. Бұл жағдай аз қамтылған және жұмыссыз жүрген жандарға ауыр тиді», - дейді ол.