Карантин: ЕҰУ-да қашықтан оқыту қалай жүріп жатыр?

Кейбір студенттер жатақханада жатыр 

Карантин: ЕҰУ-да қашықтан оқыту қалай жүріп жатыр?

Коронавирус індетіне байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізіліп, еліміздегі ЖОО-лар мен колледждер толықтай қашықтан оқыту процесіне көшті. Azatyq Ruhy тілшісі Қазақстандағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі Еуразия ұлттық университетінде онлайн білім беру процесінің қалай жүріп жатқанын біліп қайтты.

«Біздің университетте жалпы саны 20 мыңға жуық студент, 13 факультет бар. Қашықтан оқыту процесі біз үшін таңсық емес. Себебі, бұған дейін де біз «Платон» қашықтан оқу бағдарламасын тәжірбиеде пайдаланып жүргенбіз. Дәл қазіргідей 100% онлайн оқытуға көшпесек те, жартылай жүзеге асырып жүрдік. Түске дейін және түстен кейін қойылған сабақтардың барлығы да онлайн сабақ кестесі арқылы жүргізілуде. Қазір «Zoom» және «Платон» жүйесі арқылы оқып жатырмыз», - деді университеттің Академиялық мәселелер департаменті директоры Шамен Палымбетов.

Департамент директорының айтуынша, интернеттің баяу жұмыс істеуіне байланысты алғашқы күндері қашықтан оқу процесінде қиындықтар болған. Дегенмен, бір аптаның ішінде оқытушылар құрамы да, студенттер де жаңа режимге бой үйреткен.

«Бірінші күндері интернет жылдамдығына байланысты сабақ өткізуде біраз қиындықтар туындады. Одан бері бір апта өтті, оқытушылар да, студенттер де жаңа режимге төселіп алды. Кейбір интернетті толық меңгермеген ересек оқытушыларға арнайы вебинарлар өткізіп, онлайн сабақ оқытудың жаңа, тиімді жүйелері үйретілді. Дәрістерді онлайн өткізіп, сабақтарды бейнежазбаға жазып, университет жүйесіне жүктеп отырмыз», - деді ол.

Ал интернет дұрыс ұстамайтын ауылдық жерлердегі студенттер университет жүйесіне апта сайын кіріп, барлық сабақтарды оқып, тапсырмаларды орындап отыр екен.

«Кейбір ауылдық жерлерде интернеттің дұрыс ұстамайтынын немесе мүлдем жоқ екенін білесіздер. Ондай студенттермен деканат та, біздің департамент те тікелей байланысып отыр. Себебі, сейсенбі сайын оқытушылар әрбір студентті белгілеп, баға қоюы тиіс. Сондықтан студенттер мүмкіндігінше тапсырмаларды үйден орындап отыр. Кейбіреулері жатақханада жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, коронавирус індетінің жайылуын болдырмау мақсатында республикадағы білім беру мекемелері 16 наурыздан бастап қашықтан оқыту режиміне көшті. Ел аумағында енгізілген төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары да 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында ұзақмерзімді демалысқа шықты. Егер ол уақытқа дейін коранавирус қаупі сейілмесе, оқушылар да онлайн оқыту режиміне көшеді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.