Қостанайда төтенше жағдайда той өткізгендер әкімшілік жауапқа тартылды
Дәмхана мен мейрамханалар меймандарды 22.00-ге дейін ғана қабылдау қажет
Қостанайда төтенше жағдай режимін бұзудың үш фактісі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
«Екі күн ішінде жүргізілген рейд нәтижесі бойынша Қостанай облысы аумағында 80 кафе мен мейрамхана ішінен шектеу мерзімінен кейін бірнеше көңіл көтеру орны жұмыс істегені анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша үш дәмхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Мұндай жағдайда қарастырылған жаза: 10 АЕК мөлшерінде айыппұл (26,5 мың теңге) немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу.
Төтенше жағдай режимі талаптары бойынша ірі сауда нысандарының жұмыс уақыты – 10:00-ден 18.00-ге дейін, базарлардың жұмыс уақыты 11.00-17.00 аралығында шектеледі. Дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны бір мезетте 50 адамнан аспауы тиіс, келушілерді тек 22.00-ге дейін қабылдау қажет.
Тәртіп сақшылары рейд кезінде барлық мекеме иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.