Қостанайда сәбидің бұғанасын шығарған тәрбиеші 1 жылға бас бостандығынан шектелді
Тәрбиеші бір жыл педагогикалық қызметте жұмыс істей алмайды
Қостанай қаласындағы №61 балабақша-бөбекжайында тәрбиеші орындықта отырған баланы жұлқып қалғанда, бала орындықтан құлап, соның салдарынан бұғанасы шығып кеткен еді. Қостанай облысының соты оқиғаға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қостанай қаласының №2 сотында «Костанай қаласы әкiмдiгiнiң бiлiм бөлiмi №61 балабақша» МҚКК-нің тәрбиеші Д.-ға қатысты жас баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді қызметі бойынша осындай міндеттер жүктелген адам бола тұра тиісінше орындамай, бұл жас баланың денсаулығына абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан үшін (ҚК-нің 141-б. 1б.) қылмыстық іс қаралды.
«Д. 2022 жылдың 28 маусымында «Көбелек» топтың ойын залында тәрбиелік іс-шаралар өткізу кезенде орындықта тәрбиешіге теріс отырған кәмелетке толмаған М.-на ескерту жасаған. Алайда ол ескертуге құлақ аспаған.Тәрбиеші бала отырған орындықтың арқасынан ұстап, өткір қимылмен өзіне қарай тартты. Соның нәтижесінде соңғысы орындықтан құлап, сол жақ мықын сүйегінің жабық сынығы түріндегі дене жарақатын алған.Сот жарыссөзінде прокурор сотталушыға 1 жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайыңдауын сұрады. Сотталушы кінәсін мойындады және істеген ісіне өкінді.Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде – кінәсін толық мойындағанын және шын жүректен өкінуін таныды.Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ», - деп хабарлады облыстық сот.
ҚК-нің 141-бабының 1-бөлігінің санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған.
ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан аспауы керек.
Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот Д.-ға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, жазаны өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілеумен және ҚК-нің 44-бабында көзделген міндеттерді жүктеумен, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.