Жанармайға сұраныс, мұнай өңдеу зауыттары және тапшылық: «ҚазМұнайГаз» компаниясының әлеуеті мен жоспары
Еліміздегі дизель отыны, жанармай және әуе керосинінің көлемі белгілі болды
«ҚаМұнайГаз» ұлттық компанияның мұнай өңдеу саласындағы жұмысы, қазіргі ахуалы мен осы бағыттағы жоспарлары компания өткізген баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТТАРЫН ЖАҢҒЫРТУ
Компаниянеың мұнай өңдеу зауыттарында 2018 жылы аяқталған жаңғырту жұмысы Қазақстанға Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сай, К-4 сұрыпты отын түрін шығаруға мүмкіндік берді.
Жоғары экологиялық стандартты мұнай өнімдерін өндіру арқылы қоршаған орта мен халыққа тиетін зиянды әсер азайды. Сонымен қатар бензол және параксилол сияқты қосымша құны жоғары экспортқа шығатын өнімдер өндіріле бастады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ алаңында ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеевтің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары толық кешен болып есептеледі.
«Ол бірқатар технологмиялық нысандардан құралады. Олар жеткізуші технологиялық нысандарға бөлінеді. Жаңғырту жұмыстары жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарда жүзеге асырылды. Мұнай өңдеу зауыттарының аймағында толыққанды құрылыстық-монтаждық жұмыстар жүзеге асырылса да, біз өнім өндіруді тоқтатқан емеспіз. Кәсіпорынның шекарасы кеңейтілген жоқ. Біз мұнай өңдеу зауытының өз аймағында жұмысты атқара алдық. Сондай-ақ жаңа технологиялық нысандарды енгізу жұмыс барысында іске асырылды. Жаңғырту жұмыстары технологиялық нысандардың жұмысына еш әсер етпеді», - деді Макеев.
Ол атағандай, жаңғырту жұмыстары үш негізгі бағытта жүзеге асырылды.
«Бұл технологиялық көрсеткіштер, мұнай өнімдерінің көлемін арттыру және экологиялық көрсеткіштерді арттыру. Біз К-2 стандартынан К-4 стандартына өте алдық. Ол күкірттің мөлшерін төмендетті. Жанармай жанған кезде күкірт қышқылы пайда болады. Жанар-жағармай сапасын арттыру есебінен автокөліктерден бөлінетін газ құрамындағы зиянды заттар көлемі күрт төмендеді: мотор отындарындағы күкірт мөлшері 10 есе, бензиндердегі бензол мөлшері 5 есе, хош иісті көмірсутектер (қара түтін көзі) 1,5 есе азайды», - деді Дмитрий Макеев.
Жалпы, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмысы ҚазМұнайГазға өндіріс көлемін және салық төлемдерін арттыруға, сондай-ақ экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді.
Ол атағандай, былтыр отандық мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару тарихында болмаған рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілді.
«Мәселен, 2022 жылы мұнай өңдеу көлемі 17,8 млн тоннаға. Автобензин өндірісі 5 млн тоннаға жетті, авиаотын – 666 мың тонна, битум – 775 мың тонна, дизель отыны – 5,2 млн тонна.Үш кәсіпорын, Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ), Шымкент мұнай өңдеу зауыты бойынша жиынтық салық төлемдері 2022 жылы 400 млрд теңгеге жетті, 2017-2019 жылдары бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеден аспаған», - деді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында кезеңдеп іске қосу жүзеге асырылып жатыр.
«Зауыт бірден іске қосылмайды. Біз қазір бірінші кезеңді бастадық. Кезеңдеп қайта іске қосу жүріп жатыр. Барлық технологиялық қондырғылардың шығу уақыты шамамен екі аптаға созылады. Бұл-Павлодар зауыты. Кезең-кезеңмен іске қосу, штаттық жұмыс режиміне шығу көзделген. Бірақ ол тауарлық өнімді өндіру үшін тиісті компоненттерді шығара бастады және оны жөнелту қалыпқа келтіріледі. Шымкент мұнай өңдеу зауыты бойынша біз осы аптаның соңына дейін зауыт жұмысы толық тұрақтандырылғанын күтеміз»,-деді Дмитрий Макеев.
Осыған дейін отандық мұнай өңдеу зауыттары 2017 жылға дейін жыл сайын күрделі жөндеу жүргізуге қойылатын ескірген талаптармен жұмыс істеп келді.
«ҚМГ бастамасымен жөндеу жұмыстарын жүргізудің заманауи ережелері – «ұлттық стандарт» талаптары енгізілді. Жаңа ережелер мен жөндеу аралық кезеңнің ұзаруына байланысты кәсіпорындардың күрделі жөндеуге жабылу уақыты 120-дан 60 тәулікке дейін қысқарды. 2017 жылы зауыттар жөндеуге байланысты жұмысын 140 күнге тоқтатса, былтыр тек 41 күнге жабылды.Өнімділікті арттыру жолында қолға алынған маңызды шаралардың бірі – кәсіпорындар жұмысын дербес жүргізу мүмкіндігі. Мәселен, ҚМГ Атырау мұнай өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеу үшін электр қуатымен қамтамасыз ететін жеке станция салу жоспарлануда», - деді ол.
ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ СҰРАНЫСЫ МЕН КҮЗГІ НАУҚАН
ҚМГ-нің мұнай өңдеудегі стратегиялық мақсаттарына жанар-жағармайға артқан сұранысты өтеу және шығаратын өнім түрлерін көбейту жатады. Бұған қол жеткізу үшін кәсіпорындарда озық технологиялар енгізіліп, технологиялық процестерді автоматтандыру, кадрлық әлеуетті дамыту, ұзартылған жөндеу аралық кезеңге көшу секілді шаралар іске асырылып жатыр.
Дмитрий Макеев қазіргі уақытта бұл мақсатта мұнай өңдеу зауыттарында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«ПҚОП – кәсіпорын қуатын арттыру, АМӨЗ – мазутты терең өңдеу есебінен жеңіл мұнай өнімдерін шығаруды ұлғайту, ПМХЗ – қысқы дизель өндірісі, сұйытылған газ құрамында күкіртті азайту сынды жобалар бар», - деді ол.
Жыл сайын егістік науқаны кезінде елімізде жанар-жағармай тапшылығы орын алады. Бұл оқиға биыл қайталанбауы үшін қандай іс-шара жүзеге асырылатынын компания өкілі айтып берді.
«ҚазМұнайГаз-қайта өңдеу және маркетинг» АҚ мұнай өнімдері маркетингі департаментінің директоры Ерлан Жаукиннің айтуынша, жыл сайынғы тәжірибе егістік науқаны кезінде жанар-жағармай тапшылығы байқалады.
«Жазғы-күзгі кезеңде күзгі егістікті жинау науқанына жанар-жағармай жеткізу жүзеге асырылады. Жыл сайын бұл мақсаттарға 420 тонна жанармай бөлінеді. Бұл елде өндірілетін көлемнің 30 пайызын құрайды. Жанар-жағармай тапшылығына транизиттік жүк тасымалдау әсер етеді. Себебі біз жыл сайын шілде мен қыркүйек айларында белгілі бір елдерден, оның ішінде Ресейге бағыт алған Өзбекстан, Қырғызстаннан келетін жүк тасымалы көбейеді. Яғни, Өзбекстаннан шыққан жүк көлігі екі рет Қазақстанда жанармай құяды», - деді ол.
Ол атағандай, биыл мұндай тапшылық тудырмау үшін ҚМГ бірқатар іс-шараны қалбылдады.
«Көктемгі маусымда ҚМГ 150 мың тонна дизель отынын импорттады. Бүгінгі таңда бағаның өсуіне қатысты дизель отынын тұтыну азайғанын көріп отырмыз. Ресей шекарасындағы елді мекендерде ірі жүйелер сату көлемін азайтты. Бүгінгі таңда елдегі дизельдік жанармай қоры 450 тоннаны құрайды. Егістік көлемінде жанармаймен қамту үшін Павлодар зауыты режимге қосылып жатыр», - деді ол.
Ерлан Жаукин өңірлердегі жанар-жағармайдың қоры туралы айтты.
«Былтырғы күзде Үкіметте әкімдіктердің қатысуымен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік филиалдары штаб құрды. Олар тәулік бойы ЖЖМ нарығындағы жағдайды бақылайды. Ол өңірлік қоймалардағы қор жанармай бекеттеріндегі көлемді бақылап отырады. Біз тәулік сайын өңірлерден ақпаратты алып, онлайн режимде жағдайды саралап отырамыз. Яғни, қай жерде қандай тапшылық бар екенін сол мезетте біліп отырамыз», - деді ол.
Ал Дмитрий Макеевтің айтуынша, әуе керосині бойынша есептелген импорт шамамен 300 мың тонна болды.
«Жалпы бізге 900 мың тонна қажет. Ең алдымен әуе көлігімен жолаушы тасымалдаушыларды осы отын түрімен қамтамасыз ету міндетін алдымызға қойып отырмыз. Ал жүк тасымалдайтын ұшақтар негізінен импортты керосин есебінен қамтамасыз етіледі», - деді Д. Макеев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту арқылы еліміздегі жалпы өнім 1,2 миллион тоннадан асады.
«Біз бұған дейін маркетингтік зерттеу жүргізген едік. Осы орайда алдағы 10-20 жылда авиакеросинге деген сұраныс 1,2 миллион тонна екені анықталды. Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту бойынша техникалық шешімдерді қоса алғанда, авиакеросин бойынша сұранысты толық қамтамасыз ету ескерілген», - деді ол.
АИ-95 ТАПШЫЛЫҒЫНА НЕ СЕБЕП?
Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ алаңында ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев АИ-95 жанармайына қатысты мәселені көтерді.
«Бізде АИ-95 өндірісі бойынша көлем жоспары толығымен орындалды. Кәсіпорындардың бірінде осындай жағдайлар туындаған кезде біз Энергетика министрлігімен бірлесіп тиісті түзету шараларын қабылдаймыз. Яғни, кәсіпорындардың бірі қосымша өндіріс көлемін ала алады. Жалпы алғанда, бензиннің жалпы көлемі толығымен өндіріледі деп айта аламын. Бірақ әр кәсіпорын үшін бензиннің осы жалпы массасынан қанша АИ-92, қанша АИ-95 өндіруі керек деген талаптар бөлінеді. Қазір біз оны Атырау МӨЗ-ге жүктедік»,-деді Дмитрий Макеев компаниядағы баспасөз мәслихатында.
Ол елдің кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-95 маркалы бензиннің болмауының себептерін атады.
«Иә, кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-95 жоқ екендігі туралы хабарламалар келеді. Бұл, ең алдымен, логистикаға байланысты. Мысалы, батыстан оңтүстік аймақтарға жанар-жағармай жеткізу екі аптаға созылуы мүмкін делік. Яғни, өнімнің өзі бар. Бірақ ол қазір қозғалыста, жолда. Дегенмен, біздің еліміз өте үлкен, қашықтық та алыс және бұл белгілі бір уақытты алатын логистика. Жалпы, біз тиісті техникалық іс - шараларды өткіздік, АМӨЗ өндірістің үлкен көлемін өз мойнына алды, бізде мәлімделген көлемдер орындалып жатыр» - деді компания өкілі.